7-20-25 бағдарламасының Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шарты қандай болады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  Мемлекет басшысының 7-20-25 бағдарламасына қатысатын болды. Бүгін Байланыс және ақпарат күні мейрамына орай өткен пресс-ланч барысында банк төрайымы Ләззат Ибрагимова банктің аталған бағдарламаға қатысу шарттарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 7-20-25 бағдарламасына қатысу үшін ең алдымен заң нормасы болуы керек.

«Аталған бағдарламаға қатысу үшін ең алдымен Мемлекет басшысы қол қойған заң болуы тиіс. Заң болмаса, банк бағдарламамен жұмыс бастай алмайды. Қазір бұл құжат Мәжіліс пен Сенаттан өтті. Білуімше, Мемлекет басшысының қарауында жатыр. Заңға шамамен тамызда, қыркүйекте қол қойылады. Заң дайын болған соң банк Ұлттық банктен арнайы лицензия сұратады. Лицензия 1 ай көлемінде беріледі», - деді банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Басқарма төрайымы аталған бағдарламаның экономикаға мультипликативті әсері жайлы айтып өтті.

«Бұл айналып тұрған дөңгелек десек болады. Мәселен, біз 4 адамға 100 млн теңге көлемінде несие береміз дейік. Әр клиентке 20 млн теңге беріледі. Баспананың максималды құны 25 млн теңге. Клиенттердің меншігінде  5 жыл бойы баспана болмауы керек. Сосын тек құрылыс компаниясы салған, яғни жаңа пәтерлер болуы тиіс. Мәселен, сіздер 25 млн теңгеден несие алдыңыздар. 5 млн теңгеден 20 млн теңгені алғашқы салым ретінде бердіңіздер. Сонда банк қанша ақша жұмсайды? 80 млн теңге. Сіздердің 4 несиеңізді «Баспана» ипотекалық компаниясы сатып алады. Ол қаржыны банк несие ретінде тағы келесі 4 клиентке береді. Осылайша мултипликативті дөңгелек жұмыс жасай бастайды. Ал, 7 пайыздың 4 проценті бізде қалса, 3 проценті «Баспанаға» беріледі», - деді Ләззат Ибрагимова.

Басқарма төрайымы «7-20-25» бағдарламасы бойынша несие алғандарға талап қатаң болатынын жеткізді.

Оның айтуынша, несие 90 күннен артық төленбеген жағдайда екінші деңгейлі банкке қайтарылады.

Сонымен қатар, ТҚЖБ 7-20-25 бағдарламасында  жылдық 7 пайыздық мөлшерлеме 25 жыл бойы өзгермейтіні белгілі болды.

Айта кету керек, ҚР Ұлттық банкі «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын бекіткен болатын.