«7-20-25»: Қостанайда дәрігерлерге ғана алғашқы жарна субсидияланады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда «7-20-25» бағдарламасы аясында бюджеттік сала қызметкерлерінің ішінен дәрігерлерге ғана алғашқы жарна субсидияланады. Бұл туралы аппарат мәжілісінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қостанай облысының әкімдігі дәрігерлерді қолдап, тұрғын үй алу үшін субсидия беруге шешім қабылдады.

«Облыста дәрігерлер жетіспейтінін жақсы білесіздер. Сондықтан 7-20-25» бағдарламасы аясында тек дәрігерлерге алғашқы жарна субсидияланатын болады. Оның көлемі шамамен 10 пайыз болуы мүмкін. «Тобыл» әлеуметтік қолдау корпорациясы арқылы субсидиялаймыз. Бірақ, бұл қайтарылатын сома екенін еске саламын. 10 жылға аз пайызбен беріледі», - деді Архимед Мұхамбетов.

Елбасы биылғы Жолдауында аймақ басшыларына қолжетімді жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп, ең алдымен дәрігерлердің, мұғалімдердің, әлеуметтік және өзге саланың білікті мамандарына жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнасын ішінара субсидиялау мәселесін шегіне жеткізуді жүктеді. 

Ал облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков айтқандай, «7-20-25» бағдарламасы аясында 56 өтінім түскен. Бұл 470 млн теңгені құрайды.