Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Баспана» акционерлік қоғамының «7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін пәтерлердің жоқтығы туралы айтқаны шындыққа жанасады ма және бүгінде жағдай расымен солай ма?» деген сауал қойылды.
«Осы жайында мәліметті естіген болатынмын. Бұған дейін атап өткенімдей, осы жылдың соңына дейін 100 мыңнан астам баспананы тапсырамыз. Оның 35 пайызы жеке үйлер болса, қалған 65 пайызы көппәтерлі тұрғын үйлер. Сондықтан жылдың соңына дейін ең аз дегенде 65 мың көппәтерлі үйлер пайдалануға берілетін болады», - деді Жеңіс Қасымбек.
Оның сөзіне қарағанда бағдарлама аясында баспана тапшылығы болмайды.
«Біздің ойымызша, «7-20-25» бағдарламасына керек болса, аталған үйлердің жартысын да бере аламыз. Атап айтқанда, пәтер жеткілікті. Сәйкесінше, баспана тапшылығы мәселесі болмайды», - деп түйді Жеңіс Қасымбек.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметі бойынша бағдарлама басталғалы тек екі айда қатысушы банктерге ипотека алуға 2562 өтінім келіп түсті. Оның ішінде бүгінде жалпы 20 млрд тенгеден астам сомаға 1695 ипотекалық қарыз беруге қолдау жасалды. Қалған өтінімдер банктердің қарауында жатыр.