Елдiң басты байлығы - адам. Елбасының жаңа Жолдауында осы мәселеге екпін берілді. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңiрде солтүстiкқазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, өмiр сапасын жоғарылату үшiн жоспар айқын.
Қазақстан Президенті жаңа жылдан бастап төменгi еңбекақы мөлшерiн 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейiн өсiрудi тапсырды. Солтүстiк Қазақстанда 43 мың адамның еңбекақысы өседi. Жеңiлдетiлген салық 200 мың тұрғынға оң ықпалын тигiзедi. Медициналық қызметкерлердiң де еңбекақысы 20% ұлғаймақ. Облыста 300 учаскелiк дәрiгер мен 750 медбикенiң жалақысы артады.
Жалпы, денсаулық сақтау саласында ауруханалар мен емханаларды қаржыландыру 3 есеге көбейедi - 800 миллионнан 2,8 миллиард теңгеге дейiн. Бұл қаражатқа жоғары технологиялық қондырғылар алынады. Облыс орталығында көпсалалы аурухана салу да көзделген.
Мемлекет басшысы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыруға да тоқталды. СҚО-да бюджеттiк сала өкiлдерiне ипотека одан сайын қолайлы болмақ. Жергiлiктi бюджеттен алғашқы жарнаның бөлiгiн субсидиялауға 200 миллион теңге бөлiнедi. Қазiр облыста 2011 пәтерге шақталған 16 тұрғын үй салынуда. 2019 жылы 1500 пәтер болатын 12 үй бой көтередi.
Бiлiм сапасын арттыру да басым бағыттардың бiрi. Петропавлда қазiр 1500 орындық екі мектеп салынуда. Кешендi жоспар аясында облыс орталығында тағы бiр мектеп тұрғызу жоспарланған. Бұдан бөлек, 120 бiлiм ошағы жөнделмек. Мектептерде 4 мың компьютер жаңартылады. Елбасы барлық мектептер мен балабақшаларды бейнебақылаумен қамтамасыз етудi тапсырды. Бүгiнде 625 нысанның 174-де камералар орнатылған. Құмар Ақсақалов аудан әкiмдерiне қалған 451 бiлiм ошағын бейнебақылаумен қамтамасыз ету үшiн қаржы бөлудi тапсырды.
Биыл 25 мың адам тұратын 38 ауыл таза ауызсуға қол жеткiздi. Келесi жылы қаржыландыру көлемi 9,6 миллиард теңгеге дейiн өседi. Өңiрде орталық су жүйесiне тағы 29 елдiмекен қосылмақ.
Елбасы Жолдауында туризмдi дамытуға да көңiл бөлiндi. Имантау-Шалқар курорт аймағы Туристификация картасының үздiк 10 жобасына ендi. Аймақты кешендi дамыту үшiн «McKinsey&Company» халықаралық консалтингілік компаниясымен бірге жоспар дайындалуда. Курортты дамытуға 8 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Петропавлда және ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерi салынады. Көше спорт кешендерiн, баскетбол, волейбол алаңдарын салу да жалғасады.