7,5 мыңнан астам шекарашы қызметтік баспанасыз жүр - ҰҚК Шекара қызметі

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда елімізде 7,5 мыңнан астам шекарашы қызметтік баспанасыз жүр.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы Тұрғанбек Стамбеков мәлім етті.

ҰҚК өкілінің айтуынша, қазіргі таңда еліміздің шекара қызметі саласында әлеуметтік мәселелер кейінге ысырмай, шұғыл шешуді талап етеді. «Ондай әлеуметтік мәселелерді шешу тек шекараны жайластыру, шекара маңын техникалық жабдықтау мәселелерімен шектеліп қалмайды, оның ішінде аса өзекті проблема пәтерлермен қамтамасыз етуге келіп тіреледі. Мәселен, бүгінгі таңда 7,5 мыңнан астам шекарашы қызметтік баспананы қажет етеді», - деді Т. Стамбеков. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан-Қытай шекара учаскелеріндегі шекаралық заставалардың басым көпшілік ғимараттары мен нысандары өткен ғасырда салынған.

«Дегенмен, біз  салалық бағдарламаны әзірлеу барысында ондай проблемалардың барлығын ескердік. 2020 жылға дейінгі бағдарламада шекараларды жайластыру, оның ішінде сол маңнан қызметкерлер үшін баспаналар салу мәселелері қамтылды», - деді директордың міндетін атқарушы.

Бұдан бөлек, ҰҚК өкілі шекара қызметінің ағымдағы жылы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында 10 жаңа застава сала бастағанын да атап өтті.