7 ай ішінде жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстары 3 млрд. теңгеден астам шығын әкелді
Бұл қаражаттың 1,9 миллиарды немесе 65 пайызы тергеу барысында қайтарылып алынды, деп хабарлады қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұмабай.
Осы кезең ішінде қаржы полициясының органдары 1107 жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтаған. Сотқа 986 қылмыстық іс жіберіліп, 407 адам сотталды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты көп тараған қылмыс түрі пара алу болып қалып отыр, ағымдағы жылдың жеті айында осындай 322 факт анықталған, былтыр бұл көрсеткіш 247 факт болатын», - деді ол.
«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қауіпті қылмыс түрі бюджет қаражатын жымқыру фактілері, осы факт бойынша көрсетілген кезеңде 276 қылмыстық іс қозғалған», - деді М.Жұмабай.
Қызметтік бабын теріс пайдаланатын лауазым иелері мемлекетке миллиондаған шығын әкеледі, жыл басынан бері осындай 170 қылмыс анықталған, деді қаржы полициясының өкілі.
Қаржы полициясы органдары жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындары көрсетіп отырғандай, мемлекеттік сатып алулар сыбайлас жемқорлық қылмысы көп кездесетін сала болып қалып отыр. Осы салада 714 миллион теңге шығын әкелген жемқорлыққа қатысты 225 қылмыс анықталған.