«7 бөшке» тұрғын үйінен шыққан өрт: Тұрғындар оқиғаның қалай болғанын айтып берді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «7 бөшке» тұрғын үйінің тұрғындары көпқабатты ғимараттың қасбетін шарпыған өрттен аман қалды. Олар өрттің шығуына жылу ұстағыш материалға түскен темекі тұқылы себеп болуы мүмкін екенін айтады.
«7 бөшке» тұрғын үй кешенінен бірнеше жүздеген метр жерден өткір күйік иісі сезіледі. Бұл жерде түнде өрт болды. Ғимараттың қасбеті өртеніп, қызыл жалын 6 мен 16 қабат аралығын шарпыды. Құқарушылардың дерегінше, өрт шарпыған аумақ шамамен 250 шаршы метрді құрайды.
Оқиға орнында ТЖМ, қала әкімдігі мен полиция өкілдері жүр. Өрт болған түні бірнеше өрт сөндіру көлігі ғимараттың екі қапталынан тілсіз жаумен алысқан. 6 қабаттан 16 қабатқа дейінгі қасбет қара күйеден көрінбейді.
- Нұра ауданының әкімдігі өртке байланысты туындаған барлық проблемаға көмек беретіндігіне уәде етті. Біздің қонақүйге уақытша орналастырды. Бұл үйдің жеделсатысы үнемі проблемаға тап болады. Құдайға шүкір, сол түні бәрі мүлтіксіз жұмыс істеп тұрды. Ұйықтап жатқанбыз, ініміз оятпағанда тағдырымыз не боларын ешкім де білмейді, - деді аталған үйде тұратын Айгүл Әмренова.
Осы үйдің тағы бір тұрғыны зардап шегушілер қонақүйде бір күнге орналастырғанын айтқан еді. Алайда, әкімдік барлығы жағдайға байланысты екенін алға тартып отыр.
Ресми дерекке сәйкес, 100-ге жуық тұрғын өз бетінше далаға шықты. ТЖД күштері 15 адамды эвакуациялады. Зардап шеккендер жоқ.
- Астана қаласының әкімдігі қажет болған жағдайда тұрғындарды қала қонақүйлеріне уақытша орналастыруды ұйымдастырады. Сонымен қатар, жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, зақымданған қасбет пен басқа да шығындарды қалпына келтіру жұмыстары жедел түрде басталады, - деп мәлімдеді елорда әкімдігінен.
Тұрғындардың пайымынша, жоғары қабаттан лақтырылған темекі тұқылы жылуұстағыш материалға түсіп, өрт сондан шыққан. Дегенмен, төтенше жағдайлар қызметінен оттың тұтануына не түрткі болғанына қатысты ресми қорытынды жоқ. Сондықтан бұл нұсқаны жауапты мамандар әлі тыңғылықты тексеретін болады.
Өрт сөндірушілердің дерегіне қарағанда, 14-қабат қатты зардап шеккен. Онда өрт пәтерлердің бірінің балконына өтіп кеткен.
Қазіргі уақытта оқиға орнында сарапшылар жұмыс істеп жатыр. өрттің нақты шығу себебін комиссия анықтайды. Тұрғындар төтенше жағдайдан кейін үй билік тарапының назарынан тыс қалмайтындығына, ал кінәлілер анықталып, жауапқа тартылатындығына үміт артады.
Осыған дейін Астанадағы «7 бочек» тұрғын үй кешенінен өрт шыққаны туралы жаздық.