7 қарашадан бастап Астанада автобус жолағын пайдалану тәртібі өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Абылай хан даңғылындағы автобус жолағының режиміне өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Астана қаласы жол-көлік басқармасы хабарлады.

Фото: Алматы әкімдігі

—  Абылай хан даңғылының А. Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейінгі учаскесінде 2026 жылғы 7 қарашадан бастап автобус жолағының қолданылу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. 7.5.2 «Жұмыс күндері» қосымша ақпарат белгісі алынып тасталады. Осыған байланысты автобус жолағы күн сайын, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда қолданыста болады. Бұл ретте автобус жолағының уақыттық режимі өзгеріссіз қалады — сағат 06:30-дан 20:00-ге дейін (7.5.4 «Қолданылу уақыты» белгісі), — делінген хабарламада.

Ведомство жүргізушілерге жол белгілеріне назар аударып, олардың талаптарын және жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды сұрады.

— Жол белгілерінің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Тіркелген құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салынады. Жолда мұқият болыңыздар! — деп ескертті басқармадағылар.

Бұған дейін Астананың тағы бір көшесінде автобус жолағы енгізілетінін жаздық.