7 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқырман назарына 7 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Соғыс ойыншықтарын жою күні

Бұл күн 1988 жылы Ата-аналарының қамқорлығынан айырылған және жетім балаларға көмек жөніндегі дүниежүзілік қауымдастықтың бастамасы бойынша алғаш рет аталып өтті.

Халықаралық ашық аспан және таза ауа күні

БҰҰ-ның халықаралық және дүниежүзілік күндері жүйесінде 7 қыркүйекте атап өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2019 жылы құрған.

Көгілдір ашық аспан үшін халықаралық таза ауа күні қоғамның назарын ауаның ластануы мәселесіне аудару мақсатында құрылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы Қазақстанда тұңғыш рет көп басылымда газет пен журнал шығаратын арнайы мамандандырылған «Дәуір» баспасы құрылды.

2001 жылы Ақтау қаласында жаңа паром терминалы, қаланың «Ынтымақ» алаңындағы «Достық» монументі ашылды.

2004 жылы Астанада еврейлердің Орталық Азиядағы ең үлкен «Бейт Рахель – Хабад Любавич» синагогасы ашылды.

2009 жылы Астанада Эстония Республикасының Орталық Азиядағы бірінші консулдығы ашылды. Салтанатты шараға Эстония Республикасының Премьер-министрі Андрус Ансип, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, бизнесмендер қатысты.

2010 жылы Еуропа комиссиясының әлемге танымал «Берламон» ғимаратында қазақстандық заманауи өнер көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, онда «Has Sanat» галереясының заманауи суретшілерінің туындылары қойылды.

2012 жылы Мажарстан астанасы Будапешт қаласындағы «VAM Design Center» орталығында танымал қазақстандық суретші-реставратор Қырым Алтынбековтің жинағындағы ежелгі сақтардың жаңартылған дүниелерін көрсететін «Алтын адам – дала пирамидаларындағы патшалық қорымдар дүниесі» көрмесі ашылды.

2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан-қытай іскерлік кеңестің құрылтай отырысы барысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын іске қосты.

2016 жылы Қазақстандық зерттеуші, Торғай геоглифтерін ашқан ғалым Дмитрий Дей әлемде баламасы жоқ құпия нысандарға экспедиция ұйымдастыруға қажетті қаражат жинау мақсатында халықтық жобаның басталғандығын жария етті. Түркияда өткен Археологтардың еуропалық қауымдастығының форумында торғайлық нысандар 2014 жылдың басты сенсациясы деп танылды. Ал 2015 жылдың қорытындысы бойынша америкалық блогерлердің таңдауымен Торғай геоглифтері жылдың топ-10 жаңалықтарының қатарына енді.

2019 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық конференциясын ұйымдастырды. Оған Қазақстан, Франция, Ресей, Түркия, Үндістан, Жапония және Әзербайжан археологтары мен түркітанушы ғалымдары, Қазақстанның ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара басталар алдында Шығыс Қазақстан облысының аумағында жасалған археологиялық олжалардың бірегей экспозициясы ашылды. Көрмедегі негізгі экспонаттар б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген ақсүйек сақ әйелінің бейнесін бейнелейтін «Үржар діни қызметкері» болды.

Экспозицияда 2003 жылы профессор Әбдеш Төлеубаев тапқан Шілікті алтын адамы және Тарбағатай аймағындағы Елеке Сазы үстіртіндегі археологиялық аймақ аумағынан 2018 жылы профессор Зейнолла Самашев тапқан Алтын адам бар.