7 қыркүйек. Туған күн иелері

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 7 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

177 жыл бұрын (1841-1918) халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит (Мұхамбеткерей) МЕРАЛЫҰЛЫ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Әбілқайыр әулетінен шыққан, Қаратай сұлтанның немересі. Оның туған ағалары Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп өнерпаз адамдар болған. Мұхит Орынбор, Қостанай, Жаманқала (Орск), Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырау өңірлерін аралап, «Әнші Мұхит», «Сал Мұхит» атанды. Оның «Дүние-ай», «Зәуреш», «Паң көйлек», «Қыпшақ», «Дөң асқан», «Кербез» әндері әншілік өнерінің сан қырлы табиғатын ашады. Ойлы да қуатты, нәзік те сырлы, мөлдір лиризмге тұнған әндерін асқан шеберлікпен орындай жүріп, өзінің әншілік дәстүрін қалыптастырды. Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 ән мен күйі» кітабында Мұхитты «қазақтың Баяны» атап, Қазақстанның батысында Мұхиттың шығармашылығын белгілі ән мектебі деп қарау керек» деп жазды. Ол тек әнші, ақын ғана емес, күйшілік өнерімен де танылды. Боғда, Есбай, Тазбала, Сәулебай, Абыл күйлерін өте әсерлі орындап, өзі де күй шығарды. Мұхиттың әншілік, ақындық, күйшілік мұрасын біздің заманға балалары - Шоң мен Нәу, немерелері - Шайхы, Лұқпан, Ғұбайдолла жеткізді. Қазақстан композиторлары Мұхиттың туындыларын өздерінің шығармаларында кеңінен пайдаланды. Евгений Брусиловский Мұхиттың «Алуаш» әнін «Жалбыр», «Үлкен Оразын» - «Қыз Жібек», «Дүние-ай» әнін «Ер Тарғын» операларына пайдаланды.

99 жыл бұрын (1919-1988) күйші-домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы ОМАРОВ Рүстембек Бейсенұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Ленинградта (Санкт-Петербург) музыка училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1934 жылдан Қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы, концертмейстері, солист-домбырашысы сонымен қатар консерваторияда сабақ берді. Ә.Есқалиев, Қ.Ахмедияров сияқты көптеген күйшілерді даярлады. Қазақ халық күйлері мұрасын, әсіресе, Құрманғазы күйлерін, оның орындаушылық дәстүрін жетік меңгерген.

70 жыл бұрын (1948) медицина ғылымының докторы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖАҚЫПОВ Уәлихан Әбуұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Қазақ ұлттық медицина академиясы) бітірген. 1972 жылдан Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі Клиникалық және эксперименталдық хирургия ғылыми-зерттеу институтында (қазіргі А.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығы) қан тамырлары хирургиясы бөлімінің клиникалық ординаторы, хирургі, аға ғылыми қызметкері болған. 1990 жылдан осы ғылыми мекеменің бөлім меңгерушісі. Ғалымның негізгі ғылыми жұмыстары қолқа және қан тамырлары ауруларын хирургиялық жолмен емдеуге арналған. Қолқаның жоғары бөлігі кеңейгенде (қолқа аневризмасы); кеуде қуысын ашып, ішкі органдардың кеңейген қантамырларын қалпына келтіру (торако-абдоминалды аневризм) операцияларын жасаған алғашқы хирургтардың бірі. Ол микроангиопатияны, ішкі органдардың қан айналу жүйесінің бұзылуын, жүйке қантамырларының жаңадан пайда болу белгісін, аяққа баратын қантамырлардың бітеліп қалуын хирургиялық тәсілмен емдеуді ұсынды. «Хирургияда жаңа технологияны зерттеп, оны тәжірибеге енгізу» ғылыми-зерттеу жұмысы авторларының бірі. 100-ге жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 монографияның авторы.

64 жыл бұрын (1954) ҚР Парламент Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ЧИРКОВ Михаил Владимирович дүниеге келді.

РФ Красноярск өлкесінің Рыбин ауданы Ирша селосында туған. 1977 жылы  Свердловск қаласындағы А.М.Горький атындағы Орал мемлекеттік университетін бітірген, журналист.

«Горницкая правда» газетінің тілшісі болып жұмыс істеген (1977-1978); 1978-1979 жылдары - «Звезда Прииртышья» газетінің тілшісі. 1980-1981 жылдары - Корсаков мұхиттан балық аулау базасының матросы. 1981 жылы - «Целиноградская правда» газетінің тілшісі. 1981-1985 жылдары - «Звезда Прииртышья» газеті редакциясының тілшісі, бөлім меңгерушісі. 1985-1990 жылдары - Қаз ТАГ-тің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары. 1990-1994 жылдары - ҚР Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының консультанты, референті, баспасөз қызметінің консультанты. 1994-1995 жылдары - ҚР Министрлер Кабинеті баспасөз қызметінің басшысы. 1995-1997 жылдары - ҚР Президенті баспасөз қызметінің консультанты. 1997-2003 жылдары - Ақмола қаласы әкімі аппаратының сектор меңгерушісі, ақпараттық-талдау тобының басшысы - басшының орынбасары, бас инспекторы; 2003-2004 жылдары - ҚР Индустрия және сауда министрінің кеңесшісі, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің бөлім бастығы, баспасөз хатшысы. 2005 ж. қыркүйек - желтоқсан - ҚР Президенті қызметіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб аппараты жетекшісінің орынбасары. 2005-2008 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы хатшылығының бас сарапшысы. 2008 ж. - «Нұр Отан» ХДП төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі. 2008-2009 жылдары - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі. 2009 жылғы қыркүйек - 2014 жылғы маусым - ҚР Қорғаныс министрлігі БАҚ-пен жұмыс және жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің бастығы. 2014 жылғы маусым - 2014 жылғы желтоқсан - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі. 2014 жылғы желтоқсан - 2016 жылғы наурыз - Астана қаласы әкімінің кеңесшісі.

2016 жылғы 24 наурыздан бастап VI сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған.

Атташе - дипломатиялық дәрежесі бар.

«Құрмет» орденімен, «Мемлекеттік қызмет үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.

1986 жылы КОТА жүйесінде Кеңес Одағының үздік тілшісі болып танылған.

55 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Парламент МәжілісіӘлеуметтік-мәдени даму комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі - МӘУТЕНБАЕВА Клара Азқанқызы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заңгер. 1985-1988 жылдары Алматы қаласы Совет аудандық атқару комитетінің Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде инспектор, аға инспектор; 1988-1991 жылдары - Қазақ политехникалық институты факультетінің комсомол комитетінің хатшысы, Алматы қаласы Калинин аудандық комсомол комитеті оқушы жастар бөлімінің меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің хатшысы; 1991-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнаманы насихаттау және жүйелеу басқармасының жетекші консультанты, бас консультанты, Қоғамдық және діни бірлестіктер істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары; 1996-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының Заңнама және құқықтық сараптау бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі; 2004-2013 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының Заңнама және құқықтық реформа комитетімен өзара байланыс жасау, Экономикалық және өңірлік саясат комитетімен өзара байланыс жасау, Сараптама, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара байланыс жасау бөлімдері меңгерушісінің орынбасары; 2013 жылғы қыркүйектен бастап - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі. Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет Грамотасымен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.

47 жыл бұрын (1971) СҚО Айыртау ауданының әкімі ИСМАНОВ Бейбіт Қайыркешұлы дүниеге келді.

Ол Алматы қаласында туған. Еңбек жолын 1988 жылы ПМК-76 жұмысшысы ретiнде бастады. «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiн, Мәскеу қаласындағы қазiргi гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.  2016 жылы Ресей Федерациясы Президентiнiң жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттiк қызмет академиясын аяқтады (мемлекеттiк және муниципалдық басқару магистрi). 2002 жылы Петропавл қаласы әкiмiнiң көмекшiсi. 2003 жылы Петропавл қаласы әкiмi аппаратының басшысы болып тағайындалды. 2008 жылы «Солтүстiк Қазақстан облысының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы» ММ бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2012-2018 жылдары Солтүстiк Қазақстан облысының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы ММ басшысы, СҚО әкiмдiгiнiң жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы басшысы. 2018 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденiмен, Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы,  «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелiк медальдарымен, «Үздiк автокөлiкшi» төс белгiсiмен марапатталды.

44 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры аппаратының басшысы ӨМІРӘЛИЕВ Ербол Жұмабайұлы дүниеге келген.  

Ол Алматы облысында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын мемлекеттік қызмет жөніндегі менеджер мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі аппаратының кеңесшісі қызметінен бастаған.

2002 жылдан 2005 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімі секторының меңгерушісі, Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

2005 жылдан 2015 жылға дейін - «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері жалпыұлттық Одағы» ЗТБ басқармасы атқарушы директорының кеңесшісі, төраға орынбасары, «КазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ және «КазАгроФинанс» АҚ басқарушы директоры, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарама төрағасының орынбасары, «Транстелеком» АҚ-ның корпоративтік даму және құқықтық мәселелер жөніндегі вице-президенті.

2015 жылы - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадрлық саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.

2016 жылдың 20 мамырынан бастап - Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры аппаратының басшысы.