Бурабай баурайында облыс әкімі Сергей Дьяченко еліміздің бірқатар өңірлерін аралап жеткен Алауды шеруге қатысушы, шаңғыдан Олимпиада чемпионы Владимир Смирновқа, ол өз кезегінде 200 метрлік қашықтықтан соң аудан әкімі Владимир Балахонцевке табыстап, шеру Абылайхан алаңында жалғасты.
Көкшетауда «Тәуелсіздік» алаңында Азиада алауын қолына алған қала әкімі Мұнарбек Батырханов межелі қашықтықтан кейін Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Мария Грабовецкаяға, кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы Диана Біләловаға, спорт журналисі Қалымбек Мұхамеджановқа табыстады. Осылайша Азиада жалауын есімі көпке белгілі спортшы, мәдениет, әдебиет, қоғам қайраткерлері қолдан қолға өткізіп, Бурабай қысқы спорт кешенінде мәреге жетті. Бурабай ауданында 30 алау ұстаушы 9 мың метрді, ал облыс орталығында осынша сенімді өкіл 6 820 метрді еңсерген. Азиада алауы шеруіне 17 мыңға тарта жас буын өкілдері, жергілікті тұрғындар атсалысып, спорт мерекесіне өз қолдауларын білдірісті. Әсем киімді алау ұстаушылар, қолдарына ел туын желбіреткен жастар бірауыздан «Алға, Қазақстан!» десіп, ұрандасты. Өз кезегінде «7-Азия ойындарының Алау эстафетасы» дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек ақмолалықтардың ұйымшылдығын, жастардың спортқа деген сүйіспеншілігі жоғары екенін айта келе, жақсы үрдіс одан әрі Павлодар облысында жалғасатынын жеткізді. Ақмолалықтар Азиада алауымен қимай қоштасып, «Елордадада кездескенше», - деп қол бұлғасты.
15:52, 22 Қаңтар 2011
7-қысқы Азиада алауының эстафетасы Бурабай баурайында бастау алып, Көкшетауда жалғасты
КӨКШЕТАУ. 22 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін 7-қысқы Азиада алауының эстафетасы Ақмола облысының Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласында жалғасын тапты.