7-Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының Астана қаласындағы кезеңі басталды

АНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін түскі сағат 12.00-де 7-Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының Астана қаласындағы кезеңі басталды.

29 қаңтар күні Азиада Алауы қазақ елінің татулығы мен тұрақтылығының символына айналған Бейбітшілік және келісім сарайына сақтауға қойылған болатын. Бүгін эстафета рәсімі Азиада Алауын Бейбітшілік және келісім сарайынан салтанатты жағдайда алып шыққан ежелгі сақ киіміндегі жауынгерлердің шеруінен басталды. Жауынгерлердің қолынан алауды салт атты 24 сарбаз қабылдап алып, сахнаға орнатылған От тұғырына жеткізді. Алау жағылған соң салтанатты Пролог басталды.
Қойылымдағы Пролог идеясы - От ғұмырының даму сатыларын бейнелеу. "Ұлытау" тобы А. Вивальдидің «Қыс» шығармасын орындағаннан кейін, көрермендер оттың жалынға айналған театрландырылған және музыкалық қойылымын тамашалады.

Қойылым ҚР халық әртісі Р.Рымбаеваның орындауындағы Азиадаға арналған финалдық әнмен аяқталды.

Азиада Отын жағу құрметі белгілі түркітанушы ғалым, мәдениет және қоғам қайраткері, ҚР Президенттік мәдени орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековке берілді.

Азиада Алауының елордадағы кезеңін бірінші болып Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастады. Қала басшысынан кейін Алау құтысы бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан ұлттық құраманың капитаны Назгүл Боранбаеваның қолына өтті. Алаугерлердің қатарында сондай-ақ жастар арасындағы шахматтан әлем чемпионы Динара Садуақасова, Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов, ұшқыш-ғарышкер, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев, ҚР Бокс федерациясының төрағасы Тимур Құлыбаев, 5 жасар қызды өлім аузынан құтқарып қалып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған 13 жасар Жандос Ілиясов және т.б. бар.

«Мен қобалжыдым, өйткені бұл өте құрметті әрі жауапты іс, екінші жағынан сен өз елің үшін мақтаныш сезіміне бөленесің. Азиада - бұл біздің ортақ үйіміз - Қазақстанға келген үлкен спорт мерекесі және біз бұл зор сыннан сүрінбей өтеміз» - деді И.Тасмағамбетов.

Астана әкімі Азия ойындарының ашылу салтанатында тамаша шоу болатынына уәде берді. Оның айтуынша, ол Қазақстан тарихы мен мәдениетін барлық жағынан паш етеді, және «біздің ұлтымызды барлық әлемге таныстырады».

Эстафетаның 1 кезеңі түскі сағат 13.30-да Мемлекеттік рәміздер алаңында аяқталады. Техникалық үзілістен кейін Астана әкімдігінің алдындағы алаңнан сағат 15.00-де қайта басталады.

Алау эстафетасы аяқталғаннан кейін Азиаданың Алау құтысы Ойындардың салтанатты ашылуы өтетін «Астана-Арена» стадионына жеткізіліп, Ақ Азиаданың басты қазандығын жағады. Осы сәттен қазақ жерінде туын желбіреткен 7-Қысқы Азия ойындары ресми түрде басталады.