7- Қысқы Азия ойындары кезінде астаналық тәртіп сақшылары қала тыныштығын күшейтілген режімде күзетеді

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 7-Қысқы Азия ойындары өтетін кезеңде астаналық тәртіп сақшылары қала тыныштығын күшейтілген режімде күзетеді.

Бұл туралы бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Қуантай Өмірбеков мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, қазір қала тыныштығын күшейтілген режімде күзету туралы департамент бастығының арнайы бұйрығы бар. «Соған сәйкес полиция қызметкерлері 4 кезекшілік бойынша жұмыс істейді. Осы уақытта қаладағы құрылысы аяқталмаған нысандар мен саяжайлар сияқты әдетте заң бұзушылар бой тасалайтын жерлердің барлығы учаскелік инспекторлар тарапынан толық тексерілді. Сондықтан департаменттің жеке құрамы Азиада шаралары барысындағы тәртіпті қамтамасыз етуге дайын»,- деді Қ.Өмірбеков.