7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастырып отырған Қазақстан ынтымақ пен өзара түсіністікке спорт арқылы жол ашып отыр- Азия олимпиадалық кеңесінің президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах

АНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастырып отырған Қазақстан ынтымақ пен өзара түсіністікке спорт арқылы жол ашып отыр.

Кеше, қаңтардың 30-ы күні елордадағы «Астана-Арена» стадионында өткен 7-қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде Азия олимпиадалық кеңесінің президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах осылай айтты.

«Азия ойындарын бір қалада ұйымдастыру оңай емес. Ал Қазақстан бұл ауқымды іс-шараны екі бірдей қалада өткізуде. Бұның өзі дайындық жұмыстарын екі еселейді», - деді шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах.

Өз сөзінде ол 7-қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстанның Президентіне, үкіметке, ұйымдастыру комитетіне, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының тұрғындарына алғыс айтты. «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен Азия ойындары өтіп жатқан Астана мен Алматы қалаларындағы еріктілерге, баспасөз өкілдері мен демеушілерге зор алғысымды айтып, қысқы спорт қуанышын, Азияның ынтымағы мен бірлігінің қуанышын бөлісуге шақырамын. Бүгін Қазақстан ынтымақ пен өзара түсіністікке спорт арқылы жол ашып отыр. Жыл мауысының суықтығына қарамастан, біз сияқты қонақтар үшін қазақ халқының жүрегі жылы, ниеті меймандос. Сол үшін алғысымыз шексіз», - деп атап көрсетті Азия олимпиадалық кеңесінің президенті.