7-Қысқы Азия ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімі жарияланды

None
АЛМАТЫ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтетін 7-Қысқы Азия ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімін жариялады.

Онда ел намысын: шаңғы спортынан - 20; биатлоннан - 12; тау шаңғысы спортынан - 8; фристайлдағы могулден - 6, акробатикадан - 6; конькимен жүгіру спортынан - 18; шаңғымен тұғырдан секіруден - 5; мәнерлеп сырғанаудан - 8; спорттық бағдарлаудан - 12; шорт-тректен - 10; допты хоккейден - 18; шайбалы хоккейде әйелдер арасында - 22, ерлер арасында - 23 спортшы қорғайтын болады.

Шаңғы спортынан бас бапкер Александр Батяйкин құрамаға Шығыс Қазақстан (10), Ақмола (7), Павлодар (1), Батыс Қазақстан (1) облыстары мен Астана қаласынан (1) ерлер мен әйелдер арасында он-оннан спортшы тартып отыр.

Александр Ткачук тізгінін ұстаған биатлоншылар арасында Ақмола (5), Шығыс Қазақстан (5), Алматы (2) облыстарынан ерлерден - 6 , әйелдерден - 6 спортшы бар. Сергей Чаадаев баптайтын тау шаңғышыларының ішінде Алматы қаласы (5) мен Шығыс Қазақстан (3) облысынан ерлерден - 5 , әйелдерден - 3 атлет қосылған.

Ал фристайлдағы могулден бапкер Виктор Лемешко шығыс қазақстандық, ал акробатикада Мурат Аблятифов - Оңтүстік Қазақстан (5) мен Павлодар (1) облыстарынан ерлер мен әйелдерден үш-үштен спортшыны бәсекеге қоспақ.

Конькимен жүгірушілерді жаттықтырушы Вадим Саютин Қостанай (5), Солтүстік Қазақстан (5), Қарағанды (1), Ақтөбе (1) облыстарынан және Астана (5) мен Алматы (1) қалаларынан ерлерден - 9, әйелдерден - 9 жүйрікке үміт артуда.

Шаңғымен тұғырдан секіруде бас бапкер Қайрат Биекенов құрамаға Алматы қаласы (4) мен Шығыс Қазақстан облысының (1) тәлімгерлерін тартқан. Құралай Ұзұрова мәнерлеп сырғанаушылардан Алматы (3), Астана (2) қалалары мен Алматы (1), Батыс Қазақстан (2) облыстарынан ерлерден де, әйелдерден де төрт-төрттен саңлақты қосып отыр. Шорт-тректе де Мәдіғали Қарсыбеков Батыс Қазақстан (6) мен Қостанай (4) облыстарынан ерлерден - 5, әйелдерден - 5 спортшыны таңдап алған. Допты хоккейде Алексей Никишов батысқазақстандықтарға үміт артуда.

Шайбалы хоккейде Александр Мальцев әйелдер арасында Алматы қаласының -21 және Шығыс Қазақстан облысының -1, ал Андрей Шаянов ерлер арасында Шығыс Қазақстан (17), Қарағанды (3) облыстары мен Астана қаласының (3) спортшыларын бұл дүбірлі додада алаңға бастап шықпақ.