12 қаңтар күні Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласында тұтанған 7-Қысқы Азия ойындарының Алауы 19 күн бойы Қазақстанның облыс орталықтарын аралады. Ел өңірлерінде эстафетаның тасымалданбалы оттығы сақтауға «Халық банкінің» филиалдарына қойылып келсе, Астанада қасиетті Алау көпұлтты Қазақстанның бейбітшілігі мен татулығының символына айналған Бейбітшілік және келісім сарайына қойылды.
Азиада Алауының Әл-Куәйтте тұтанған сәтінен бастап Астанаға дейінгі сапарынының басы-қасында болған Ойындар мен Эстафетаны ұйымдастыру жөніндегі Астаналық дирекция басшысының орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, эстафета барлық өңірлерде жоғары деңгейде өтті. Оған тарихи сәттерді тамашалауға келген 100 мыңға дейінгі халық саны дәлел.
«Ойындар ұранының өзі «О, спорт - сен бейбітшіліксің», деп басталады. Бейбітшілік және келісім сарайы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен салынған болатын. 7-Қысқы Азия ойындары да Президентіміздің ұйытқы болуымен қазақ жерінде өткелі отыр. Елдің түкпір-түкпірін аралап келген Алаудың міндеті халқымызды бірлікке үндеу болатын. Сондықтан Алаудың Бейбітшілік және келісім сарайында сақталуы үлкен мағыналық маңызға ие», - деді ол.
Еске салайық, Алау эстафетасының елордадағы кезеңіне 100 алаугер қатысады. Оның жүріп өтетін жолы - 15,4 шақырым.
Алаугерлер Азиада алауын Астананың ең көрікті жерлерімен алып өтетін болады. Эстафетаның бірінші кезеңі сағат 30 қаңтар күні 12.00-де «Қазақ елі» монументі мен Бейбітшлік және келісім сарайының алдындағы алаңнан басталып, «Хайвилл» тұрғын үй кешені, «Арқар» М-3 көпірі, министрліктер үйі, Ақ Орда, «Бәйтерек» монументі, Көлік және коммуникация министрлігі, «Нұр Астана» мешіті ғимараттары орналасқан көшелермен жүріп өтеді де Мемлекеттік рәміздер алаңына келіп тоқтайды.
Эстафета техникалық үзілістен кейін Астана әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда сағат 15.30-да қайта жалғасады. Алаугерлер Абай даңғылы арқылы Республика көшесіне шығып, Есіл өзенінің үстіне түседі. Одан кейін «Рэдиссон САС» қонақүйінің алдындағы көпірге шығып (Тұран даңғылы), «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық кешеніне келіп тоқтайды.
Астаналық эстафетаны тамашалауға барлығы 50 мыңға жуық көрермен жиналады деп күтілуде.
Ал сағат 18.00-де «Астана-Арена» стадионында 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы басталады. Салтанатты рәсімнің аяқталуына қарай, яғни сағат 20.00-де Ақ Азиаданың басты қазандығын жағу үшін Алау «Хан шатырдан» «Астана-Арена» стадионына жеткізіледі. «Астана-Арена» стадионында Қысқы Азия ойындарының аясында ешбір ойындар өткізілмейтіндіктен, ресми іс-шара аяқталғаннан кейін, басты қазандық көпшіліктің назарына қойылу үшін «Думан» ойын-сауық кешенінің алдында салынған мұз қалашығына қойылады.