7 наурызда ел аумағында күшті жел мен жауын-шашын сақталады
00:18, 07 Наурыз 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 7 наурыз күні Қазақстанның басым бөлігінде құбылмалы күн райы сақталады, жауын жауады, кей жерлерде қатты жауын-шашын күтіледі. Жекелеген аумақтарда жел күшейіп, тұман, көктайғақ, бұрқасын болжанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында желдің екпіні 23-28, кей жерлерде 30 м/с күшейеді, кей жерлерде бұрқасын, тұман, көктайғақ болады.
Қарағанды облысында желдің күші 23-28 м/с жетеді, кей жерлерде бұрқасын, көктайғақ күтіледі.
Қостанай облысында желдің жылдамдығы 23-28 м/с артып, жаяу бұрқасын болжанады.
Ақтөбе облысының кей жерлерінде түнде 18 м/с екпінде жел соғады, жаяу бұрқасын күтіледі.
Маңғыстау облысының кей жерлерін тұман басып, түнде жел 15-20 м/с күшейеді.
Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болып, желдің екпіні 15-25 м/с артады.
Алматы облысының кей жерлерінде тұман күтіледі, түнде желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.