7 облыста 1,6 млн. тонна астық бастырылды - ҚР АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 7 облысында 1,6 млн. тонна астық бастырылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.

«Облыстардағы ауыл шаруашылығы басқармаларының  мәліметінше, 10 тамыздағы деректер бойынша еліміздің 7 облысында (Павлодар, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары) 732 мың гектар алқаптан дәнді дақылдар жиналып, 1,6 млн. астық бастырылды. Өнім түсімділігі орташа көрсеткіші 21,7 ц/гектар болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 4,5 ц/гектарға артық», - деп атап өтті ол.

Қ. Айтуғановтың сөзіне қарағанда, оңтүстік өңір бойынша егін орағы тамыздың үшінші онкүндігі кезінде аяқталады және бұл ретте ешқандай проблема байқалмай отыр.