7 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 7 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

7 СӘУІР, ДҮЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік денсаулық күні. 1948 жылдан бастап, Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) құрылған күніне орай атап өтіледі. БДҰ жыл сайын бұл мерекені медицинаның өзекті мәселелеріне арнап отырады.

Фашизм құрбаны болған еврейлерді еске алудың халықаралық күні.

Арменияның Ұлттық мейрамы - Аналық және сұлулық күні. 1996 жылдан бастап атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

9 6 жыл бұрын (1918) «Звезда Прииртишья» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

2 2 жыл бұрын (1992) ҚР Парламентінің делегациясы Еуропа Парламентінің шақыруымен Страсбург қаласына келді.

1 4 жыл бұрын (2000) Душанбеде Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарттың қатысушы елдері қауiпсiздiк кеңесi хатшыларының кездесуi болып өттi.

Кездесуде халықаралық терроризмға және экстремизмге қарсы, есірткі саудасымен күресу, Ұжымдық қауiпсiздiк туралы келiсiм-шартты әрі қарай жетiлдiру мәселелері бойынша келісім-шарттың қатысушы елдері қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты жұмыс істейтін комитетін құру туралы шешім қабылданды.

1 4 жыл бұрын (2000) ақын Олжас Сүлейменовтің «Жазу тілі» кітабы жарық көрді.

9 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік таңбаларды пошталық төлемге енгізді.

Бұл «Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылдануына 10 жыл» номиналы бір, екі, үш, сегіз, он теңге, және «А» литерасымен (Қазақстан Республикасының аумағындағы жер бетіндегі көлікпен 20 гр дейін жай хатты жіберу тарифының номиналы) номиналы 50 және 65 теңге стандартты пошта маркалары. Безендірушісі - Игорь Макиенко.

9 жыл бұрын (2005) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде қазақтың алғашқы кәсіби журналистикасы мен баспасөзінің негізін қалаушылар, Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының мүсін-барельефінің ашылу рәсімі өтті.

Сонымен қатар салтанатты жиында журналистика факультетінің мерейтойлық кітабы таныстырылады. Кітап факультет тарихына қатысты мұрағаттық құжаттар негізінде жазылды. Онда 1000-ға жуық фотосурет басылып, факультеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі таныстырылған, әр жылдарғы түлектердің аты-жөні жарияланған.

6 жыл бұрын (2008) Павлодарда талантты спортшы және педагог, Қазақстанның үздік жаттықтырушыларының бірі Батырбек Сейсенбаевқа арналған мемориальдық тақта орнатылды. КСРО-ның спорт шебері, бүкілодақтық дәрежедегі судьясы, жоғары дәрежедегі жаттықтырушы-оқытушы халықаралық класстағы төрт шеберді, дзюда, самбо және қазақша-күрес спорты бойынша жүзден астам шеберлерді дайындаған. Ол өзінің шәкірттеріне спорттағы жетістіктерімен және еңбекқорлығымен үлгі болды.

Батырбек Сейсенбаевтың жігерлілігінің және оның шәкірттерінің халықаралық спорт алаңдарындағы нәтижелерінің арқасында, 1985 жылы Павлодарда дзюдо күресі бойынша «Батыр» Олимпиадалық қорының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі ашылды. Б.Сейсенбаев дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан жоғары жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, оған «Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «КСРО дене шынықтыру саласының еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. 6 жыл бұрын (2008) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «2001 жылғы маусымның 15-сінде Шанхай қаласында (Қытай Халық Республикасы) қол қойылған Лаңкестікпен, сепаратизммен және экстремизммен күрес жөніндегі Шанхай конвенциясына өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара жүріс-тұрысы жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.

5 жыл бұрын (2009) Астанада 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Қазақстан Республикасы Ішкі әскерінің 17 жауынгеріне арналған Еске алу аллеясы ашылды.

Осыдан он төрт жыл бұрын Тәжікстан тауларында әскери қызмет бабындағы Қазақстанның Ішкі әскер ротасы тұтқиылдан тап берген лаңкестердің шабуылына ұшыраған болатын. Олардың қазақстандық ротаны тез арада жоямыз деген жоспары іске аспай, керісінше кері шегінулеріне тура келген. Алайда шайқас 17 жауынгердің өмірін қиып кетті. Жаңадан ашылған аллея алдында 17 жауынгердің туған-туысқандары, әскер қатарында бірге сап түзеген жолдастары, қала тұрғындары жиналып, жаңадан отырғызылған 17 ағаштың түбіне гүл шоқтарын қойды.

5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі, Қарағанды қаласының №78 орта мектебінің мұғалімі Мағрифа Кәрібекова космонавтиканы насихаттағаны үшін Юрий Гагарин медалімен марапатталды.

Награданы космонавтика Федерациясының атынан Ресей Федерациясының Федеральды аэронавигациялық қызметінің басшысы Александр Пузанов табыс етті.

4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунды бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Нұрсұлтан Назарбаев Пан Ги Мунге бірінші дәрежелі «Достық» ордені жаһандық деңгейдегі бейбітшілікті, әлеуметтік әділеттілікті және тұрақты дамуды ілгерлетуге айырықша үлес қосқаны үшін берілгенін атап көрсетті.

4 жыл бұрын (2010) Ақордада Қазақстан мен Украина арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Янукович бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ Қазақстан мен Украина арасындағы 2010-2011 жылдарға арналған «Жол картасы - 3» іс-қимыл жоспарына қол қойды.

666 жыл бұрын (1348) Орталық Еуропадағы көне білім ордаларының бірі Прага университетінің негізі қаланды.

ЕСІМДЕР

79 жыл бұрын (1935) ақын, жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі САҚИҰЛЫ Зұлқарнай дүниеге келді.

Қарақалпақстан Тақтакөпір ауданында туған. Қарақалпақ мемлекеттік педагогика институтын бітірген.

1957-1960 жылдары - «Совет Қарақалпақстаны» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1960-1968 жылдары - Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Путь Ленина» газеттерінде меншікті тілші, бөлім меңгерушісі Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі. 1968-1974 жылдары - Қызылорда облысындағы ҚазТАГ («Қазақпарат» АҚ) тілшісі. 1974-1991 жылдары - «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің аға тілшісі, жауапты хатшысының орынбасары, бөлім меңгерушісі, «Ақиқат» журналының аға әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1992-1994 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің аға референті «Мұраттас» баспасының бас редакторы . 1994-1996 жылдары - «Санат» баспасының аға редакторы, «Жеті жарғы» баспасы бас редакторының орынбасары, «Әділет министрлігінің хабаршысы» журналының бас редакторы. 1996-1998 жылдары «Қазақ энциклопедиясының» жетекші маманы, «Денсаулық» журналының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Х.Байранұқованың, Г.Марковтың шығармаларын, Б.Брехтің, А.Володиннің, Э.Де Филиппоның пьесаларын, В.Короленко, О.Гончар, Ю.Казаков, Ю.Рытхеу, Я.Кросс, Ц.Дамдинсурэн, И.Минэскурта, Р.Салури, В.Далан әңгімелерін, «Соттар мен судьялар туралы хикаялар» жинағын, Б.Ривкиннің монографиясын, тағы да көптеген шетелдік жазушылардың кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған.

63 жыл бұрын (1951-2009) мемлекет қайраткері, инженер- құрылысшы АХМЕТОВ Қасымхан Қаскенұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

1968 жылы еңбек жолын кеңшарда балықшы болып бастаған. 1974-1975 жылдары - Жезқазған кен металлургия комбинаты Батыс руднигі учаскенің электродәнекершісі, энергетигі. 1976-1979 жылдары - Никольский қалалық комитетінің хатшысы, бөлім меңгерушісі, ЛКЖО Ағадыр аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1979-1985 жылдары - Жезқазған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1985-1986 жылдары - Жезқазған облыстық халық қызмет көрсету басқармасы. 1986-1991 жылдары - Жезқазған облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі, екінші хатшысы. 1991-1994 жылдары - Жезқазған мемлекеттік меншік жөніндегі аумақтық комитетінің төрағасы, Жезқазған облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің экономикалық реформалау бойынша экономиканы дамыту және жекешелендіру дайындық комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ұйымдастыру-бақылау басқармасының бас инспекторы. 1995-1997 жылдары - Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі. В 2003-2007 жылдары - Қарағанды облысы Балқаш қаласының әкімі, «Қазақмыс корпорациясы» Балхашцветмет» өндірістік бірлестігінің бас директорының орынбасары, кеңесшісі. 2007-2009 жылдары - «Нұрдаулет»КМК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас өкілі қызметтерін атқарған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 13 -ші шақырылымының депутаты болған.

Көптеген медальдармен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.

60 жыл бұрын (1954) танымал гонконгтық және американдық актер, кинорежиссер, продюсер, каскадер және сценарийші, әнші ЧАН Джеки (Чэнь Ганшэн) дүниеге келді.

Ол 100-ден астам фильмде басты рөлді сомдаған және әлемге танымал азиялық актерлердің бірі. Сонымен қатар танымал поп-орындаушы, 1984 жылдан 20 альбомға 100-ден астам трек шығарған.

5 7 жыл бұрын (1957) ЦентрКредит Банкі басқарма төрағасы ЛИ Владислав Сединович дүниеге келді.

Алматы халық шаруашылығы институтын, Халықаралық бизнес академиясын бітірген.

55 жыл бұрын (1959) медицина ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана медицина университеті» АҚ ректоры ШАЙДАРОВ Мәжит Зейноллаұлы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Целиноград медицина институтын, «Тұран» университетін бітірген. 1992-1995 жылдары - Ақмола қалалық инфекциялық ауруханасының дәрігері. 1995-1997 жылдары - Ақмола медицина институтының доценті. 1997-2000 жылдары - Ақмола қалалық инфекциялық ауруханасының дәрігері, бас дәрігері. 2000-2005 жылдары - Астана қалалық денсаулық сақтау департаментінің директоры. 2005-2006 жылдары Астана қаласы 1-ші ауруханасының бас дәрігері. 2006-2008 жылдары Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры болған. 2009-2010 жылдары - ҚР ДСМ Медициналық қызмет көрсету саласын бақылау комитетінің астана қаласы бойынша департаментінің директоры. 2010 жылдан қазіргі қызметінде.

5 3 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының халықаралық қатынастардың кешенді проблемалары бөлімінің бастығы, тарих ғылымының докторы, профессор МЕҢДІҚҰЛОВА Гүлнар Малбағарқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және оның аспирантурасын бітірген. Алматы архитектура-құрылыс институтында ассистент, мұғалім болып жұмыс істеген. 1990-2005 жылдары - Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты ғылыми-ақпарат бөлімінің ғылыми қызметкері, аға, жетекші ғылыми қызметкері, бөлім бастығы. 2002-2003 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. 2002-2004 жылдары - Дінмұхаммед Қонаев атындағы университеттің тарихи тәртіп кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2005 жылдың маусымынан бастап істейді. Сондай-ақ 2005 жылдан бастап Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрамындағы Диаспора орталығының директоры болып қызмет атқарады.

Негізі жұмысымен қатар ғалым халықаралық конференцияларға қатысып, АҚШ-тың Индиана, Миннесот университеттерінде, Ұлыбританияның Оксфорд университетінде, Түркияның, Польшаның, Канаданың бірқатар университеттерінде дәріс оқиды.

100-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

3 8 жыл бұрын (1976) «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС президенті ӨТЕҒАЛИЕВ Досымбек Қонысбекұлы дүниеге келді.

Орал облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін және магистратурасын бітірген. 1997 жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқарып келеді. 2010 жылдан бері - «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС президенті.

4 2 жыл бұрын (1972) қазақстандық футболшы, Қазақстан чемпионаттарының үздік ойыншыларының бірі МӘЗБАЕВ Нүркен Қабылбекұлы дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Қазақстан құрамасының ойыншысы. Спорттық жолын Тараздың «Фосфор» командасында бастады. 1996 жылғы маусымдағы Қазақстан чемпионы. Қызылорданың «Қайсар», Шымкенттің «Синтез», Астананың «Жеңіс,» Шымекенттің «Достық» командаларында ойнап, «Таразға» қайтып оралды. Одан кейін «Тараздың» спорт директоры болды. 2008-2009 жылдары - Бірінші лига клубының жаттықтырушысы болды. Қазақстанның жасөспірімдер құрамасның бас жаттықтырушысы болып жұмыс жасады. 2010 жылдан «Тараз» футбол клубы бас жаттықтырушысының көмекшісі.

3 5 жыл бұрын (1979) суретші-кескіндемеші НҮГЕР Динара дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін бітірген. «Сорос» каталогында жарияланған 100-ден астам кескіндеме шығармаларының және өнертану жұмыстарының авторы. 1999-2004 жылдары - Астана қаласындағы «Бейне» сурет галереясының негізін қалаушы және иесі. 2003 жылдан ҚР Суретшілер одағының мүшесі. «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты.

12 3 жыл бұрын (1891-1958) дат кәсіпкері және өнертапқышы, LEGO компаниясының негізін қалаушы Оле Кирк КРИСТИАНСЕН дүниеге келді.

70 жыл бұрын (1944) неміс саясаткерлі, ГФР-дың 1998-2005 жылдардағы федералдық канцлері Герхард ШРЕДЕР дүниеге келді.