7-ші қысқы Азиаданың әнұранына байқау жарияланды

АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда 7-ші қысқы Азия ойындарының ресми әнұранының мәтіні мен әнін жазуға байқау жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны «2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ өкілдері мен Қазақстанның мәдениет, өнер және музыка саласындағы жетекші мамандары бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Байқаудың серіктестері - Астана мен Алматы қалалары әкімдіктері, GSM Қазақстан/Kcell мобильді байланыс операторы, «Қазақстан» РТРК және «Мирас Спорт» қоғамдық қоры.

«Әнұранның өзіндік ұлттық ерекшеліктері болғанын қалаймыз. Себебі, ол басқа әнұрандардан ерекшеленіп тұруы керек. Біз Қазақстанның ән орындаушыларын, композиторларын және басқа да азаматтарын осы бастаманы қолдауға және байқауға қатысуға шақырамыз. 7-ші қысқы Азия ойындары әнұранының авторлары әлемдік спорт тарихында қалады, әрі Қазақстанның қазіргі тарихына айтарлықтай үлес қосады», деді «2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ вице-президенті Евгений Никитинский.

Байқау екі кезеңнен тұрады: іріктеу және шешуші кезеңдер. Алғашқы кезеңде байқауға жұмыстарды қабылдау 24-ші тамыздан қазанның 1-іне дейін жүргізіледі. Ал шешуші кезеңде жұмыстар қаралады және ашық дауыс беру арқылы жеңімпаздар қазанның 1-6-сы аралығында анықталады.