7 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 7 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

7 тамыз, БЕЙСЕНБІ

Кот-д'Ивуар Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Кот-д'Ивуар - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Мали, Буркина-Фасомен, шығысында Ганамен, батысында Либерия, Гвинеямен шектеседі. Оңтүстігін Гвинея шығанағы алып жатыр. Ел аумағы әкімшілік жағынан 16 аймаққа, ал аймақтар 50 департаментке бөлінеді. Астанасы - Ямусукро қаласы. Ресми тілі - француз тілі, сонымен қатар акан, кру, вольтек тілдері қолданылады. Ақша бірлігі - Батыс Африка франкі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 19 жыл бұрын (1995) Алматы Кино үйінде «Абай» атты фильмнің тұсаукесер рәсімі өтіп, оған Президент Н.Ә.Назарбаев қатысты. Мұхтар Әуезовтың роман-эпопеясы бойынша түсірілген эпикалық драма қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығына арналған. Абай рөлінде Ғабиден Тұрықбаев, Құнанбай рөлінде Тұңғышбай әл-Тарази және т.б. актерлер ойнады. Сценариін Ләйлә Ақынжанова, Александр Баранов және Серік Апрымов жазған. 16 жыл бұрын (1998) Анкарада Абай паркінің ашылу салтанаты болды. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда, Республика сарайында, Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыс өнерінің байқауы болып өтті. Шараны ұйымдастырған «Жарылқап батыр» қоғамдық қоры, «Айсел Қазақстан» корпорациясы, Алматы қалалық мәдениет департаменті және Республика сарайының әкімшілігі. Аталмыш шараға Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау және Орал қалаларының суырып-салма ақындары қатысты. Ақын Тұманбай Молдағалиев бастаған қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Семейден келген Сара Тоқтамысова қанжығасына байлады. Бірінші орынды Талдықорғаннан келген Айтақын Бұлғақов жеңіп алды. Екінші орынды қарағандылық Аманжол Алтаев, елордалық айтыскер Дәулеткерей Кәпұлы және семейлік Ринат Зайытов бөлісті. 5 жыл бұрын (2009) Павлодарда «Бибі Ана» қоғамдық бірлестігі павлодарлық бөлімшесі мүшелерінің өз қолдарымен жасаған бұйымдарының көрмесі ашылды. Онда әдемі ұлттық киімдер, тоқыма көйлектер мен жакеттер, құрақ көрпешелер мен шеберлердің қолынан шыққан басқа да бірегей бұйымдар қойылған. Павлодарлық «Бибі Ана» қоғамдық бірлестігін 1999 жылы мүгедек әйелдер құрған болатын. 156 жыл бұрын (1858) ағылшын патшайымы Виктория Оттаваны Канаданың астанасы ретінде таңдап алды. 107 жыл бұрын (1907) орыс физигі Б.Розинг телевизиялық бейнені алу жүйесін ойлап шығаруға алғашқы патентті алды. 82 жыл бұрын (1932) КСРО-да мемлекеттік және ұжымдық меншікті аса үлкен көлемде ұрлағаны үшін өлім жазасы тағайындалды. 54 жыл бұрын (1960) Фидель Кастро Кубадағы барлық америкалық кәсіпорындарды мемлекет меншігіне айналдыратыны туралы жариялады. 26 жыл бұрын (1988) американдық Линн Кокс АҚШ-тан Ресейге дейін жүзіп жеткен тарихтағы алғашқы адам болды. Американдық спортшы Линн Кокс 6 градустық суда 2 сағат 6 минут болды. 4160 шақырымды бағындырды. Ол Американың Аляска штатындағы Кіші Диомид аралының Беринг бұғазынан Ресейдің Үлкен Диомидіне дейін жүзіп барды. ЕСІМДЕР 105 жыл бұрын (1909-1957) жазушы, Жамбыл шығармаларын тұңғыш орыс тіліне аударушылардың бірі КУЗНЕЦОВ Павел Николаевич дүниеге келді. Қаламгер 1938-1941 жылдары аралығында «Литература и искусство Казахстана» журналының редакторы болды. Оның «Сом алтын», «Ертіс жағасында», «Майдан лирикасы», «Солдат дәптері», «Жол соқпақтары», «Жол дәптері» өлеңдер жинағы, «Алтай тауларында», «Торғай даласы», «Панфиловшылар» очерктер, әңгімелер жинағы, «Алматыдан Берлинге дейін», «Ұлы достық», «Тастағы гүл» повестері жарық көрді. Көркем аударма саласында Жамбыл Жабаевтың революцияға дейінгі өлеңдерін, айтыстарын, «Сұраншы батыр», «Туған елім», «Менің өмірім» поэмаларын орыс тіліне тәржімалады. Жамбылдың өмірі жайлы «Бақытын тапқан адам» атты тарихын роман жазды. Романға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Қызыл Ту», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 93 жыл бұрын (1921-1952) ақын ҚАЛАУОВА Зияш дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітіріп, Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Ақсу орта мектебінде мұғалім болған. Алғашқы өлеңдер жинағы 1941 жылы «Шолпан» деген атпен жарыққа шыққан. Сондай-ақ өлеңдері мен поэмаларының үш жинағы жарық көрген. Ақын 1950 жылы бейбітшілікті жақтаушылардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтық II конференциясына Қазақстаннан делегат болып қатысқан. «Кавказ шыңында», «Бейбітшілікті сүйеміз» өлеңдер жинағының авторы. Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Шәуілдір орта мектебіне ақынның есімі берілген. 91 жыл бұрын (1923-1993) авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының Батыры КАРУШИН Александр Феодорович дүниеге келді. Петропавл қаласында туған. Троицк әскери авиациялық ұшқыштар мектебін, Әскери әуе академиясын бітірген. 1941 жылы Қызыл әскер қатарына алынған. 1943 жылдың наурыз айынан Ұлы Отан соғысы шебінде болып, ұрыстарға қатысқан. Соғыстан кейін КСРО Қарулы күштерінде әскери қызметін жалғастырған. «Ленин», 2 мәрте «Қызыл Ту», «Александр Невский», «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медалдармен марапатталған. 68 жыл бұрын (1946) актер, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кино әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанда пантомимо өнерін қалыптастырушы ӨТЕПБЕРГЕНОВ Меңтай Смағұлұлы дүниеге келді. Мәскеу цирк училищесін, Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1974 жылдан бастап Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етеді. Актер 60-тан аса фильмге түсіп, қытай, чукча, бурят, якут, түрік, өзбек секілді 16 ұлт өкілінің бейнесін сомдаған. «Біз - ересектер», «Жаушы», «Ақ шаман», «Жеңімпаз», «Интердевочка», «Шанхай», тағы да басқа фильмдерде ойнаған. 40 жылдан аса уақыт бойы әр елдің түрлі маркаларын жинаумен шұғылданады. Ерланген (Германия) қаласындағы кинофилателистер клубының мүшесі болып табылады. «Маркалардағы әлем киносының тарихы» атты кітаптың авторы. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Канн қаласындағы 51-ші Халықаралық кинофестивалінде өтті. 48 жыл бұрын (1966) Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, доцент ТІЛЕУХАН Бекболат Қанайұлы дүниеге келді. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын және аспирантурасын бітірген. 1992-2001 жылдары - Алматы консерваториясының оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі. 1996-1997 жылдары - Республикалық гвардия жанындағы Президент оркестрі фольклорлық ансамблінің жетекшісі. 1997-2001 жылдары - Президент оркестрінің көркемдік жетекшісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және қоғамдық келісім вице-министрі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет вице-министрі. 2004-2007 жылдары - «Нұр Отан» партиясы тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2007-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылымдағы депутаты болды. «Парасат» орденімен марапатталған. ҚР «Дарын» мемлекеттік сыйлығының және ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тәуелсіздік толғауы» ІІ Республикалық конкурсының «Айналайын, Азатым!» шығармашы үшін (Ерік Асқаровпен бірге) «Таңдаулы опералық шығарма» аталымындағы лауреаты. Халық әншілігі және орындау шеберлігі проблемалары бойынша бірнеше ғылыми еңбектері бар. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сөздеріне жазылған әндер, көркем фильмдер музыкасының авторы. 34 жыл бұрын (1980) Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы ҚҰРМАНАЕВ Ермек Мәлікұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының оркестр аспаптары факультетін (2004) жеке орындаушы, оқытушы; П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын (2007) бітірген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін біледі. 2004 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, 2009 жылдан бері аға оқытушысы. 2004 жылдан - Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі. Халықаралық конкурстардың лауреаты (Австрия, 1996; Польша, 1998; Франция, 2005; Ресей, 2009), ҚР Тұңғыш Президенті қорының лауреаты (2006); Қазақстанның алтын виолончелі (2006). 67 жыл бұрын (1947) кеңестік және украин эстрада әншісі, КСРО, Украина, Молдова Халық әртісі София Михайловна РОТАРУ дүниеге келді. 60 жыл бұрын (1954) кеңестік футболшы және ресейлік жаттықтырушы, Олимпиадалық ойындардың жүлдегері ГАЗЗАЕВ Валерий Георгиевич дүниеге келді.