7 және 9 мамырда елордада мерекелік отшашу болады
17:19, 26 Сәуір 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 және 9 мамырда Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мен Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күніне орай от шашу өтеді, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
От шашу сонау Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бастап қазіргі уақытқа дейін жарақтандыруда тұрған және Ұлы Жеңістің нышаны болып табылатын 76 миллиметрлі зеңбіректерден артиллериялық дүркін оқ атулармен жүргізіледі. Салют 2 заманауи от шашу құрылғысынан керемет мерекелік от шашумен ұласады. Олардың әрқайсысының 173 бағыттаушысы бар.
Мерекелік іс-шара, яғни, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай артиллериялық зеңбіректерден 25 дүркін оқ атылады. Елорда тұрғындары мен қонақтары ағымдағы жылғы 7 және 9 мамырда мерекелік от шашуды Есіл өзенінің жағалауында сағат 22.00-де тамашалай алады.