7 жасар оралдық домбырашы республикалық байқаудың жеңімпазы атанды

None
ОРАЛ. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Теректі ауданы Федоров ауылындағы №2 балалар саз мектебінің 3-сыныбында оқитын 7 жасар Шұғыла Амангелді

Алматы қаласында «Күншуақ.кз» қоғамдық қоры ұйымдастырған ХІІ республикалық «Рауан» фестиваль-байқауынан бас жүлдемен оралды.

Ол «Аспапты музыка» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Өзінің айтуынша, кіші топта домбырашы-термешілердің арасында сынға түсіп, Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем, саған туған ел!» және Нұрпейіс Байғаниннің «Еңбек» термелерін орындаған.

Байқауға Қазақстанның әр жерінен, әр жанрдан барлығы 220 өнерпаз қатысқан. Осы сында тағы бір теректілік Темірлан Ғұсманов терме жанрынан І орын (орта топ) алса, күй жанрынан 11 жасар Нұрбике Ілиясова ІІІ орынға ие болған. «Бізді саз мектебіндегі ұстазымыз Әдемі Әділгереева бастап барған еді. Шәкірттерінің жеңісі үшін Әдемі Хайруллақызы да арнайы дипломға ие болды», - дейді Шұғыла.

Байқауды ұйымдастырушылар батысқазақстандық кішкентай өнерпаздарға Түркияға туристік жолдама тарту еткен. Теректілік үш оқушы маусым айында ұстазымен бірге Анталияға сапар шекпек.