70 мыңнан астам қазақстандық фермер minagro.kz порталына тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан фермерлеріне арналған minagro.kz порталына 70 мыңнан астам адам тіркеліп, жеке кабинеттерін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Субсидия алу үшін фермер minagro.kz порталына тіркеліп, жеке кабинетін ашуы тиіс және жер телімінің кадастрлық нөмірін жазады. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші далада қандай жұмыстар атқарылғанын, температура мен ылғал мөлшеріне дейін ақпарат ала алады», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, порталға тіркелу - субсидия алудың міндетті талабы болып саналады және қазіргі уақытта 70 мыңнан астам фермер осы жүйеде жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, порталға бұрыс ақпараттар енгізуге жол берілмейді.

«Заңды және жеке тұлғалардың мәліметтері мен мемлекеттік деректер базасы интеграцияланады және ақпараттар автоматты түрде сәйкестендіріледі. Осылайша, бұрыс ақпараттың енгізілуіне жол берілмейді», - деп түсіндірді ҚР АШМ мемлекеттік қызметтерді дамыту және АӨК цифрландыру департаментінің директоры Бауыржан Айымбетов.