70 пәтерді тонағаны үшін қамауда отырған күдіктінің тағы бір ұрлыққа қатысы бары анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 70 пәтерді тонағаны үшін қамауда отырған күдіктінің тағы бір ұрлыққа қатысы бары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйіне түнгі уақытта ұры түсіп, жатын бөлмесінде тұрған бағалы алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жалпы, жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион 200 мың теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Күдікті осы уақытқа дейін істі болып, 70 жайт пәтер ұрлығына қатысы бар шымкенттік ер адам болып шықты. Сондай-ақ, сезікті қазіргі таңда ірі көлемде бірнеше сериялы ұрлық қылмысын жасағаны үшін Қазығұрт АПБ-да қамауда отыр. Ол жауап алу барысында, аталған жәбірленушінің үйіне ұрлыққа түскенін толығымен мойындады», - делінген департамент мәлімдемесінде.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті ер азаматтың бұдан бөлек басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.