70-тен астам адам хуситтердің Сауд Арабиясына жасаған соққыларынан зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM — Йемендегі қарулы қақтығыс тағы да көршілес мемлекеттің аумағына тарады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: Saba.ye

Йемендік хуситтер сейсенбі күні Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі қалалар мен энергетикалық инфрақұрылым нысандарына зымыранмен және дрондармен шабуыл жасады.

Сауд Арабиясы басқаратын Йемендегі заңдылықты қолдау коалициясының мәлімдеуінше, шабуылдан әйелдер мен балаларды қоса алғанда, 73 бейбіт тұрғын жарақат алған.

Сауд Арабиясының Энергетика министрлігі бірнеше нысанда өрт шыққанын және олардың кейбірінің жұмысы уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, мамандар келтірілген шығын көлемін бағалап жатыр.

Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари шабуылдардың нысанасы Абха, Наджран және Жизан қалаларындағы Сауд Арабиясының «Saudi Aramco» мұнай-газ компаниясының нысандары, сондай-ақ Хамис-Мушайттағы әскери әуе базасы болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуыл кезінде ондаған баллистикалық зымыран мен дрон қолданылған.

Хуситтер бұл шабуылды Сауд Арабиясының бір күн бұрын Йеменнің Мариб, әл-Байда, Ходейда, Таиз және әл-Джауф провинцияларына жасаған, өздерінің мәлімдеуінше, 121 әуе шабуылына жауап деп атады.

— Сауд Арабиясы шиеленістің ушығуына жауапты. Біздің еліміз бен халқымызға жасалған кез келген шабуылға батыл жауап беріледі. Біз еш ойланбастан бұдан да қуатты әрі ауқымды соққылар жасаймыз, — деді хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари.

Сауд Арабиясы басқаратын Йемендегі заңдылықты қолдау коалициясының ресми өкілі Турки әл-Малики болған жағдайды қауіпті шиеленіс деп бағалап, біріккен қолбасшылық хуситтерді тежеу және олардан төнетін қатерлерді залалсыздандыру үшін қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.

Шабуылды Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесі, Кувейт және халықаралық деңгейде мойындалған Йемен үкіметі де айыптады. Олар бұл соққыларды Сауд Арабиясының егемендігін бұзу және өңірлік қауіпсіздікке төнген қатер деп атады.

Шабуылдар туралы хабар тарағаннан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 99 долларға дейін өсті, деп хабарлайды Al Jazeera.

Нарық қатысушыларын Сауд Арабиясынан мұнай жеткізілімі үзіліп қалуы және Қызыл теңіз бен Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қатысты шектеулердің жалғасуы алаңдатып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Йемендегі хуситтер мен үкімет күштері арасындағы қақтығыста 80-нен астам адам қаза тапқанын хабарлаған едік.