Жасанды интеллект қолданылатын негізгі бағыттардың бірі – инсультті диагностикалау. Мәселен, CerebraAI жүйесі компьютерлік томография суреттерін талдап, дәрігерлерге бас миындағы зақымдану белгілерін жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Қазір бұл технология Астана қаласындағы, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Жетісу облыстарындағы 17 инсульт орталығында қолданылады. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бері жүйе инсультке күдік туындаған 23,5 мыңнан астам пациенттің тексеру нәтижесін талдаған.
Инсульт кезінде уақыттың маңызы зор. Диагнозды дер кезінде қою емді ертерек бастауға, ауыр асқынулар мен мүгедектік қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жасанды интеллект сүт безі мен өкпе обырын ерте анықтауға, сондай-ақ стоматологиялық диагностикаға қолданылады.
Медицина мамандарының жұмысын жеңілдету үшін құжаттарды рәсімдейтін цифрлық көмекшілер де енгізіліп жатыр. Солардың бірі – Alima цифрлық көмекшісі. Қазір оны 4 205 дәрігер пайдаланады.
Пилоттық жоба барысында асқынбаған аурумен келген пациентті қабылдау кезінде медициналық құжаттарды рәсімдеуге кететін уақыт төрт есе қысқарған. Бұрын бұл жұмысқа алты минут жұмсалса, қазір бір жарым минут жеткілікті.
Осының арқасында дәрігерлер пациенттерді тексеруге, кеңес беруге және емдеуге көбірек уақыт бөле алады.
Сонымен бірге жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды, тек оның жұмысына көмектеседі. Диагноз қою және ем тағайындау туралы шешімді бұрынғыдай дәрігер қабылдайды.
Осыған дейін жүрек ауруларын ерте анықтауға жасанды интеллект көмектесетіні туралы жаздық.