Оның айтуынша, биыл 1 шілдеден бастап ірі көлемде салық қарызы бар кәсіпорын басшыларының елден шығуын шектеуге мүмкіндік беретін жаңа тәртіп күшіне енді.
— 1 қазаннан бастап сотқа жүгіне бастадық. Қазір республика бойынша мұндай шектеу қолданылуы мүмкін 700-ге жуық жеке кәсіпкер мен заңды тұлғаның басшысы бар. Берешекті өндіріп алу жұмыстарының нәтижесінде олардың саны азаюы мүмкін. Алдағы күндері шектеу қоя бастаймыз, — деді Қайсар Арын.
Жаңа тәртіп бойынша салық берешегі 27 мың айлық есептік көрсеткіштен, яғни 116,7 млн теңгеден асса және қарыз үш айдан астам уақыт өтелмесе, кәсіпорын басшысының Қазақстаннан шығуына уақытша тыйым салынуы мүмкін.
— Бұл соманы есептегенде негізгі қарызбен бірге өсімпұл мен айыппұл да ескеріледі. Алайда салық органы мұндай шектеуді өз бетінше қоя алмайды. Ол үшін алдымен сотқа жүгініп, рұқсат алуы қажет. Сот келісім бергеннен кейін ғана шекара қызметіне тиісті құжат жолданады, — деді ол.
Қайсар Арынның түсіндіруінше, жаңа талап жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің бірінші басшыларына қатысты. Ал компания құрылтайшыларына қолданылмайды.
Қарыз толық өтелгеннен кейін шектеуді алып тастауға болады. Бірақ ол үшін де соттың рұқсаты қажет. Сондықтан азамат берешегін әуежайда төлеген күннің өзінде бірден шетелге ұша алмайды. Бұл рәсімге бір жұмыс күні қажет болуы мүмкін.
Бұған дейін 20 қазанға дейін қандай салықтар мен міндетті төлемдерді төлеу қажет екенін жазған едік.