72 жастағы түркістандық қария ауылға спорт алаңшасын салып берді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Отырар ауданының тұрғыны, 72 жастағы қария Дүйсенбек Божаев туған жеріне балаларға арналған ашық спорт алаңшасын салып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа ойын алаңшасы заман талабына сай салынған. Жан-жағы темірмен қоршалып, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Жерге төселген жасыл желек те стандарттарға сай келіп тұр. Ал алаңша сыртында бүлдіршіндер үшін ойын құралдары орнатылды. Мұнда балалар бос уақытын тиімді өткізу үшін әткеншек, турник және өзге де жабдықтар бар.


Спорт нысанының салтанатты жағдайда ашылуында Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов туған жерін түлетуге атсалысқан азаматқа ауыл халқының атынан алғыс айтты.

«Ауылына қарап азаматын таны» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Киелі Отырар ауданының, оның ішінде Темір ауылының өсіп-өркендеуі, гүлденуі осы ауылдан шыққан ел ағаларының арқасында деп білемін. Осы орайда, мемлекет саясатын іске асыруда өзінің азаматтық борышына адалдық танытып, туған елінің, туған жерінің дамуына атсалысып келе жатқан сізге шынайы алғысымды білдіремін», – деді аудан басшысы.


Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Мырзахан Манапов пен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жонарбек Қаныбеков қарияның игі ісі көпке үлгі болуын тіледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бектіқұл Арзықұл мен Темір ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Төрехан Амантай ел игілігі жолындағы өнегелі іске ұйытқы болған Дүйсенбек Божаевқа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Сондай-ақ жаңа алаңда 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан аудандық турнир өтті. Іс-шара соңында жеңімпаздар марапатталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.