«МӘСҚ 1991-2018 жылдар (кезең өзгеруі мүмкін) аралығында жұмыс істетеген азаматтарға 560, 600 немесе 720 мың теңге (сома өзгеруі мүмкін) мөлшерінде жәрдемақы төленіп жатқандығы туралы WhatsApp және электрондық пошта арқылы таратылған ақпараттың шындыққа жанаспайтындығы туралы ескертеді. Осындай ақпараттың пайда болуына байланысты МӘСҚ барлық азаматтарды бейресми дереккөздерден таратылған ақпараттарға сенбеу керектігін ескерте отырып, көпе-көрінеу жалған ақпаратты таратқан адамның заң бойынша жауапқа тартылатындығын еске салады», - делінген хабарламада.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстанда 2005 жылдан бастап енгізілген. Ол еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылуына, жүктілік және босану немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларда жұмыс істейтін азаматтарды қолдаудың қосымша деңгейі болып табылады.
«Яғни, барлық осы жағдайларда жүйеге қатысушы немесе оның отбасы мемлекет төлейтін әлеуметтік жәрдемақыға қосымша МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер алады. МӘСҚ барлық азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы таратылатын әртүрлі хабарламаларды тексеріп, тек ресми ақпарат көзінен алынған ақпараттарға сену керектігін ескертеді», - деп атап өтті қордан.
МӘСҚ қызметі туралы өзекті ақпараттардың барлығын www. gfss.kz ресми сайтынан алуға болады.
Еске сала кетсек, мұндай жалған ақпарат бұған дейін де тараған болатын. Ол кезде де МӘСҚ халықты бейресми дереккөздерге сенбеуге шақырған еді.