7429 ауыл тұрғынына кәсіпкерлікті дамыту үшін 2,5%-бен шағын несие берілді

Үкімет Президенттің ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бұл мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып отыр, оның шеңберінде ауыл тұрғындарына жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның орындалу барысы ҚР Үкіметі Аппараты жанындағы «Ауыл Аманаты» жобалық кеңсесінің кезекті отырысында талқыланды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенова қатысты.

Мәселен, осы жылдың 13 қыркүйегінде 1388 ауылдық округті қамтитын 42 млрд теңге сомасына 7429 шағын несие берілді.

Оның 85%-ы мал шаруашылығы саласына (35,8 млрд. теңге), 7%-ы өсімдік шаруашылығына (2,8 млрд. теңге), 5%-ы кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға және 2,6%-ы басқа бағыттарға (1,1 млрд. теңге) берілген.

Жиын қорытындысына сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлерге облыс, аудан, ауылдық округ деңгейінде жобалық кеңселер құру, цифрлық платформаны әзірлеу процесін жеделдету жөнінде тапсырмалар берді.