757 млрд теңге: Қазақстандықтардың көбі тісін Атыраудағы стоматологияларда «емдеткен»
АСТАНА. KAZINFORM - 2021 мен 2025 жыл аралығында Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек «Стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалған.
Оның ішінде 222,61 млрд теңге ТОП-20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысы Атырауда, қалғандары Алматы мен Астанада орналасқан.
— Мәселен, тек Атыраудағы бір клиникаға азаматтар 22,9 млрд теңге зейнетақы жинағын аударған. Жекелеген жағдайларда клиенттер ондаған миллион теңгені тіс емдеуге пайдаланып отырған. Клиенттердің бірі 11 рет БЖЗҚ-дағы қаражатты тіс емдеуге пайдалану үшін өтініш берген. Оның жалпы тіс емдеуге алған сомасы 32,6 млн теңге. Егер бір имплант пен тіс тәжін орнату құны 500 мың теңге деп есептесек, 65 имплант қоюға жетерлік қаражат алынған. Тағы бір клиент тісін емдеуге 24,7 млн теңге жұмсаған. Бұл қаражат бірден стоматологияға аударылған. Келесі жағдайда клиент тіс емдеу үшін зейнетақы жинағының артығын пайдалануға, 27 рет өтініш берген. Нәтижесінде 13,1 млн теңге аударылған. Көбіне еліміздің түпкір-түпкірінде тұратын азаматтар тісін Атыраудағы стоматологияларда емдетуді таңдаған, — делінген Отбасы банк таратқан мәлімдемеде.
Тексеру кезінде жалған анықтамалар мен құжаттар тапсырылғаны да белгілі болды. Бұл — зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалғанын айғақтайды.
2026 жылдың сәуіріне дейін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, тіс емдеуге зейнетақы ақшасын пайдалану барысында алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін тиімді жүйе әзірленетін болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Отбасы банк 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге арналған зейнетақы қаражатын пайдалану өтініштерін қабылдауды уақытша тоқтатты.