8 айда 112 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды - Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 8 айында 112 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Үстіміздегі жылдың 8 айында жұмыспен қамту бағдарламасының аясында 112 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтыдық. Олардың 66,5 пайызы  - жұмыссыздар, 22,4 пайызы  - өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Жалпы бағдарламаға қатысушылардың ішінен 81 мың азамат бүгінгі таңда тұрақты жұмыс орнына орналастырылып, жұмыс берушілер тарабынан әлеуметтік жарналар төлене бастады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда едәуір жоғары болып отыр.

«Әрине, биылғы жылға бөлінген қаражат сомасына бұл тікелей байланысты. Егер жыл басында белгіленген сома 37,8 млрд. теңге болса, Бақытжан Әбдірұлы, өзіңіз атап өткендей, Елбасының еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында және егемендігіміздің 25 жылдығына орай әрбір елді абаттандыру тапсырмасын орындау үшін қосымша  90,6 млрд. бөлінді. Сонымен бағдарламаға 128,4 млрд. теңге бөлініп, онң аясында 14 мыңнан астам жобалар жүзеге асырылуда», - деді Т.Дүйсенова.