8 қаңтар. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 8 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

83 жыл бұрын (1940) белгілі журналист-аудармашы Жарылқасын НҰСҚАБАЙҰЛЫдүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

Еңбек жолын қазақ теледидарында бастап, бас редакторы қызметіне дейін көтерілген.

Қазақ телеграф агенттігінің (бүгінгі «ҚазАқпарат» ХАА) аудармашы-редакторы, «Жалын» баспасының бөлім меңгерушісі, «Мектеп» баспасының бас редакторы, директоры қызметтерін атқарған.

Балаларға арналған кітапшалардың, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Көне басылымдар, аяулы есімдер», «Алты алаштың ардақтылары» атты ғылыми-педагогикалық еңбектердің авторы. Х. Андерсеннің «Ертегілер жинағын», «Словак халық ертегілері», «Сібір халықтарының ертегілерін», Ш. Әлімбаевтың «Даналық субстанциясы» романын, Е. Кобалевтің «Хо Ши Мин» ғұмырнамасын, «Шаңқай түсте көлеңкелер қалмайды» деп аталатын 7 сериялы көркем фильмді, «Аласұртқан ақша» көркем фильмін, түрікмен жазушылары Х. Халлыевтің «Жол», Ш. Чарыевтың «Саз сырнайшы», беларус, қырғыз, тәжік, орыс, армян жазушыларының әңгіме, повестерін аударған. Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының құрметті азаматы.

66 жыл бұрын (1957) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Ақылтай Ахметжанұлы ҚАСЫМОВ дүниеге келген.

Түмен облысында (РСФСР) туған. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтану мамандығымен бітірген (1980).

Еңбек жолы: «Алма-Атаотделстрой» тресінің сылақшысы (1974-1975), Солтүстік Қазақстан облысы Соколов аудандық прокуратурасының тағылымгер тергеушісі (10.1980-11.1980), Солтүстік Қазақстан облысы Мәмлүт аудандық прокуратурасында тағылымгер (1980-1981); Петропавл қаласы Куйбышев аудандық прокуратурасында тағылымгер, тергеуші, аға тергеуші (1981-1983), Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы (1983-1987), Петропавл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының орынбасары (1987-1990), Жезқазған облыстық сотының төрағасы (1990-1993), Ақмола облыстық сотының төрағасы (1993-1999), Қарағанды облыстық сотының төрағасы (1999-2004), Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы (2004-2010), Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы (2010-2015).

Қазіргі лауазымын 2015 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен (2002), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.

54 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері Қанат Алдабергенұлы БОЗЫМБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

1994-1997 жылдары – Алматы қаласы әкімінің көмекшісі, 1997-1998 жылдары – жекеменшік компанияның экономика мәселелері жөніндегі директоры, ҚР Экономика және сауда министрлігі аумақтық саясат бөлімінің бастығы, Қаржы департаментінің бастығы, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ экономика жөніндегі вице-президенті, 1998-1999 жылдары – ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Мұнай және газ департаментінің директоры, 1999-2000 жылдары – «ҚазТрансОйл» ЖАҚ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ЖАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, 2000-2001 жылдары – ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, 2001-2008 жылдары – «КЕGОК» ААҚ бірінші вице-президенті, президенті, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқарудың қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамының төрағасы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан – «KEGOC» акционерлік қоғамының президенті, 2009-2013 жылдары – Жамбыл облысының әкімі, 2013-2016 жылдары – Павлодар облысының әкімі, 2016-2019 жылдары – ҚР Энергетика министрі болды. 2019-2021 жылдары – ҚР Президентінің көмекшісі, 2021-2022 жылдары – Алматы облысының әкімі қызметін атқарды.

«Құрмет» (2005), «Парасат», «Барыс» ордендерімен, «Астанаға 10 жыл» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Астанаға 20 жыл» (2018) медальдарымен марапатталған.

36 жыл бұрын (1987) ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Дүбірова Жаннат Балғабайқызы дүниеге келді.

Қостанай қаласында туған. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін техника және технология мамандығы бойынша тәмамдаған (2008), Манчестер университетінде (Ұлыбритания) ақпараттық технологиялар және IT менеджмент магистрі атанған (2015).

Еңбек жолы: метадеректер әкімшісі, «Bimash» ЖШС жобалар жетекшісі (2006-2008), «Цеснабанк» АҚ АТД бас менеджері (2008-2010), ENRC Logistics көлік тобы IT директорының орынбасары (2010-2012), IT Performance manager ENRC Group (2012-2013), «PricewaterhouseCoopers» (PwC) ЖШС-де Advisory manager (2013-2016), «Астана Innovations» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары (2016-2017), Астана (Нұр-Сұлтан) қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКК басшысы (2017-2022).

Қазіргі қызметін 2022 жылдың мамыр айынан атқарып келеді.