ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1864 жылы Торғай даласында қазақ балаларына арналған алғашқы мектеп ашылды. Ыбырай Алтынсарин осы оқиғаға байланысты қуанышын Н. Ильминскийге жазған хатында бөлісті.
1963 жылы 8-9 қаңтарда Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші құрылтай съезі өтті. Онда осы одақтың бірінші хатшысы болып Шәкен Кенжетайұлы Айманов сайланды.
1992 жылы Жезқазғанда тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров атындағы оқушылар сарайы ашылды.
1997 жылы Жамбыл қаласының аты Тараз болып өзгертілді. Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдың ортасында Қытай деректерінде сақталған қаланың тарихи атауы қайтарылды.
2007 жылы Парижде Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз достығының қоғамы ашылды. Мұстафа Шоқай (1889-1941) — өткен жүз жылдықтың бiрiншi жартысындағы ұлттық тарихтың танымал қоғам және саяси қайраткерi, Орта Азияның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен публицист, идеолог, «Алаш Орда» партиясы жетекшілерінің бірі.
2014 жылы Астана қаласындағы № 2 музыка мектебінің қазақ халық аспаптары ансамбліндегі жас домбырашылар Қытайда өткен халықаралық «Бейжің жұлдыздары» байқауында 1-орынды иеленді. Халықаралық байқауға Қазақстан, Қытай, Ресей мен Моңғолиядан 40-қа жуық ансамбль қатысқан болатын.
2016 жылы әлемдегі ең ірі интернет-дүкендердің бірі «Amazon» ҚР Президентінің 2012-2015 жылдар арасында сөйлеген сөздерінің «Leadership Perspectives» атты ағылшын тілінде жарияланған жинағын сатылымға шығарды.
2018 жылы Абу-Дабиде қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар FBMA Trophy мәнерлеп сырғанаудан І халықаралық турнирде 4 медаль жеңіп алды: екі қола, бір күміс және бір алтын. Ең жақсы нәтижені Никита Манко көрсетті. Астаналық мәнерлеп сырғанаушы еркін және қысқа бағдарламаларда өнер көрсету бойынша 139.30 балл нәтижесімен жасөспірімдер арасында үздік атанды.
2019 жылы Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) комиссиясының құрамына тұңғыш рет Қазақстанның 6 өкілі енді. Аталған тізім бүкіләлемдік шахмат федерациясының 3 жыл сайын өтетін президенттік кеңесінде бекітіледі. FIDE комиссиясының құрамына әлемнің 130 мемлекетінен 224 адам енді.
2019 жылы ақтөбелік дәрігерлер 1 сағат ішінде 4 мыңнан (4 270) астам адамның қан қысымын өлшеді. Барлығы 500 дәрігер Гиннестің рекордын ресми түрде жаңартты. Бұған дейінгі рекорд Үндістанда 2015 жылы тіркелген, онда дәрігерлер бір сағатта 3 600 адамның қан қысымын өлшеді.
2019 жылы Египет Араб Республикасындағы ҚР Елшілігінің қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Каир университетінде әл-Фараби ғылым-білім орталығын ашты.
2020 жылы Қазақстан 2020-2021 жылдар кезеңіне теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобына (ТШЖК) төрағалық ететін болды. Төрағалықты тапсыру рәсімі БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде БҰҰ жанындағы топқа мүше мемлекеттердің елшілері мен сарапшыларының және аз дамыған елдер, теңізге шыға алмайтын дамушы елдер және шағын аралдық дамушы мемлекеттер мәселелері бойынша БҰҰ-ның жоғары өкілінің қатысуымен өтті.
2021 жылы Қазақстанда «Түркі әлемі: тарихи-мәдени атлас» атты іргелі ғылыми еңбек жарық көрді. Онда Птоломей картасынан бастап, одан кейінгі түркі әлемінің көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі карталары ұсынылған.Географиялық карта кең кеңістіктер мен тарихи панорамаларды елестетуге мүмкіндік береді. Сондықтан, түркі халықтары арасында әрқашан қасиетті ұғым болған ұлттық бірегейлікті, толық және көп қырлы Отан туралы идеяны қалыптастырудың қуатты құралы болып табылады. Бұл тарихи-мәдени атлас осы мақсатта шығарылды.
2021 жылы Қазақстанда Балық шаруашылығы комитеті құрылды, оның алдында бағдарламаны іске асыруға мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларын кеңейту, заңнаманы жетілдіру, балық жемі өндірісін жолға қою, кадрлармен қамтамасыз ету міндеттері тұр.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау жөнінде құжатқа қол қойды.