Олег ЩЕМЕЛЬ, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры
1969 жылы Беларусь Республикасының Минск қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Беларусь политехникалық институтын электр станциялары мамандығы бойынша, 2006 жылы Беларусь Республикасы Президенті жанындағы Басқару академиясын кәсіпорындағы экономика және басқару мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1993 жылдан 1998 жылға дейінгі аралықта «Минскэнерго» Минск электр энергетикасы өндірістік бірлестігінің Минск 4-ЖЭО-да электр машиналарын жөндеу жөніндегі электр слесарі, аппаратураны, релелік қорғаныс және автоматиканы жөндеу жөніндегі электромонтер, электр цехының өндірістік учаскесінің шебері болып жұмыс істеді. 1998-2000 жылдары «Минскэнерго» электр энергетикасы республикалық унитарлық кәсіпорнының «Минск 4-ЖЭО» филиалы электр цехының бастығы, 2000-2007 жылдары станция ауысымының бастығы, 2007 жылы өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, 2007-2013 жылдары пайдалану жөніндегі бас инженердің орынбасары, 2013-2019 жылдары филиалдың бас инженері қызметтерін атқарды. 2019 жылы Минск қаласындағы «Белэнерго» электр энергетикасы мемлекеттік өндірістік бірлестігінің бас директорының орынбасары, сол жылы «Минскэнерго» электр энергетикасы республикалық унитарлық кәсіпорнының бас директоры болып тағайындалды. Бұл қызметті 2023 жылға дейін атқарды.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы сәуірден бері атқарып келеді.
Ораз ЖОЛДАСОВ, Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары
1970 жылы Ақмола облысының Есіл қаласында дүниеге келген. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2021-2024 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты департаментін, 2024-2025 жылдары ІІМ Басқару академиясын басқарды.
Қазіргі қызметін 2025 жылғы қарашадан бері атқарып келеді.
Бауыржан ӘЛЕНОВ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары
1976 жылы Көкшетау облысында (қазіргі Ақмола облысы) дүниеге келген. 2004 жылы «Фемида» заң институтын, 2012 жылы Қарағанды заң институтын бітірген.
Еңбек жолы: 1997-1999 жылдары Көкшетау қалалық ІІБ жанындағы Күзет қызметі басқармасының полиция батальонында полицей, 1999-2000 жылдары «Арнайы полиция» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының №7 мемлекеттік полиция бөлімінің күзет взводында бөлімше командирі қызметін атқарды. 2000-2001 жылдары Көкшетау қалалық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімінің кавалериялық бөлімшесінде полицей, 2001-2002 жылдары патрульдік полиция батальонында полицей және бөлімше командирі болды. 2002-2004 жылдары Көкшетау қалалық ІІБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел іздестіру бөлімшесінде жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, 2004-2007 жылдары Ақмола облысы ІІД Көкшетау қалалық ІІБ Криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу бөлімшесінің бастығы қызметін атқарды. 2007 жылы Көкшетау қалалық ІІБ Криминалдық полиция бөлімінің бастығының міндетін уақытша атқарды. 2007-2010 жылдары Ақмола облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қылмыстық топтарды әшкерелеу және олардың қызметін тоқтату бөлімінің бастығы болды. 2010-2011 жылдары Ақмола облысы ІІД Көкшетау қалалық ІІБ бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, 2011-2013 жылдары Ақмола облысы ІІД Зеренді аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 2013 жылы Ақмола облысы ІІД Көкшетау қалалық ІІБ бастығы, 2014-2015 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы ІІД Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болды. 2015-2018 жылдары Ақмола облысы ІІД бастығының орынбасары, 2018 жылы бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2018-2019 жылдары Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, 2019-2020 жылдары жедел жұмыс жөніндегі орынбасары болды. 2020 жылы ҚР ІІМ Жетінші департаменті бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, сол жылы департамент бастығы болып тағайындалды. 2020-2021 жылдары осы қызметті атқарды. 2021-2022 жылдары ҚР ІІМ Жедел қызмет департаментін, 2022-2024 жылдары Алматы облысы Полиция департаментін басқарды.
Қазіргі қызметін 2024 жылғы қазаннан бері атқарып келеді.
Ыдырыс МҰСТАНБАЕВ, Алаш қозғалысының мүшесі, әдебиет сыншысы, абайтанушы
1898 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Тінібай медресесін, екі сыныптық орыс-қазақ училищесін және Семей гимназиясын бітірген.
Еңбек жолы: Еңбек жолын поштада телеграфшы болып бастаған. 1918 жылы Семейде Алаш атты әскер полкін құруға қатысты. 1919-1921 жылдары Семей губерниялық революциялық комитеті мен губерниялық атқару комитетінің мүшесі ретінде Семей, Өскемен, Аягөз және Зайсан уездерінде басшылық қызметтер атқарды. 1920 жылы Қазақ АКСР-інің Құрылтай съезінде Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. 1921-1923 жылдары Орал облысында, 1924-1925 жылдары Ақмола губерниясында прокурор қызметін атқарды. 1925-1926 жылдары Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ Орталық атқару комитетінің нұсқаушысы болды. 1926 жылы «Сырдария ісі» және «Шаян ісі» бойынша айыпталды. 1926-1927 жылдары Қазақ АКСР-інің Байланыс халық комиссары қызметін атқарды. 1927 жылы Семейде өткен атаман Анненковтың ісі бойынша сотта мемлекеттік айыптаушы болды. Өмірінің соңғы жылдарында кеңестік, партиялық және шаруашылық жұмыстарда қызмет етті.
Ыдырыс Мұстанбаев партия мен үкіметтің жер мәселесіне, ауылдағы тап күресіне, байларды тәркілеу науқанына қатысты саясатына, сондай-ақ Филипп Голощекиннің ұлттық саясатына келіспегені үшін «сәдуақасовшыл» айыбымен партия қатарынан бірнеше рет шығарылды. Қазақстанның әдеби өміріне белсене араласып, әдеби мұраны зерттеуге үлес қосты. Абайдың, Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасын кеңестік партиялық және идеологиялық органдардың сын-қыспағынан қорғады.
1933 жылғы 17 қаңтарда тұтқындалды. 1933 жылғы 4 шілдеде ОГПУ алқасының қаулысымен контрреволюциялық әрекеті үшін 5 жылға еңбекпен түзеу лагеріне қамалды.
1937 жылғы 16 қарашада Алматы облысы бойынша НКВД үштігінің қаулысымен «кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл, террористік-бүлікшіл және тыңшылық-диверсиялық ұйымға белсенді қатысқаны үшін» ату жазасына кесілді.
1959 жылғы 9 мамырда қылмыс құрамы болмағандықтан, Ы.Мұстанбаевқа қатысты іс тоқтатылды. 1991 жылғы 18 ақпанда ақталды.