8 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 8 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.



8 қазан. ДҮЙСЕНБІ

Македония Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991)

Македония - Балқан түбегінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Сербиямен, шығысында Болгариямен, оңтүстігінде Грекиямен, батысында Албаниямен шектеседі. Астанасы - Скопье қаласы. Мемлекеттік тілі - македон тілі. Ақша бірлігі - македон динары.

Хорватия тәуелсіздігі күні

1991 жылы Хорватияның Югославиядан тәуелсіздігі жариялануының құрметіне бекітілді. 2002 жылдан бері жыл сайын мерекеленіп отыр.

Германияда әжелер күні

Германияда 2010 жылы бекітілген. Бұл мереке алғаш рет 2011 жылы аталып өтілді.

Иранда балалар күні

Жыл сайын Иран үкіметі өскелең ұрпақтың ел болашағының дамуы жолында маңыздылығына мән беру мақсатында балалар мерекесін ұйымдастырады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1860 жылы Верный қаласында Көк базар ауданындағы тар бөлмеде орналасқан алғашқы пошта бөлімшесі ашылды. Бүгінде Алматы поштампы - «Қазпошта» АҚ-ның ең ірі және алдыңғы қатарлы филиалдарының бірі.

1996 жылы «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ құрылды.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Қазақстан Республикасы президентінің сайлауын тағайындау туралы» қаулысы қабылданды. 

1999 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президентінің Каспий өңіріндегі энергетикалық мәселелер бойынша арнайы кеңесшісі Д.Вулфты қабылдады. Кездесуде тараптар қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа тасымалдау мәселелерін талқылап, АҚШ Президентінің елшісі таныстырған Баку-Джейхан құбыры жобасын қарады. 

2007 жылы Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы Бейнелеу өнері мұражайы жаңа жәдігермен толықты. Абай ауданының тұрғыны Жәнібек Молдахан мұражайға тастан қашалған жауынгердің мүсінін тарту етті. Тасмүсін табылған жерге аттанған өлкетанушы-ғалымдар, бұл осыдан 1 мың жылдай бұрын қашалған түркі жауынгерінің бейнесі деген пайымға келіп отыр. Өлкетанушылардың айтуынша, тас мүсін көне түркілердің әдетте зират басына қоятын дәстүрлі ескерткіші болған және оның көмегімен байырғы көшпенділер дүниенің төрт бұрышын бағдарлаған.

2009 жылы Астанада Елбасының қатысуымен Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Ескерткіш Астана қаласының Тәшенов көшесінің бойындағы саябақта орналасқан. Ескерткіш қоладан, ал тұғыры - граниттен жасалған. Биіктігі - 4,4 метр, салмағы - 5,5 тонна. Оның құрылысына 0,0625 гектар жер телімі берілді.

2009 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу орталығы базасында «Ядролық технологиялар және қайтарымды энергетика технологиясы» ұлттық ғылыми зертханасының таныстырылымы өтті.

Ұлттық ғылыми зертхананың құрылымына ядролық-магнитті резонансты-спектроскопия зертханасы, қолданбалы және радиациялық физика зертханасы, математикалық модельдеу зертханасы кірді. 

2010 жылы Forbes Style журналының (танымал бизнес жаршысының қосымшасы) нұсқасы бойынша елордалық «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі үздік экоғимараттардың ондығына кірді.

2010 жылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Мұнай айналымы және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері саласында жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

2011 жылы Алматыда Жүсіпбек Елебековке (1904-1977) арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіш оның есімі берілген Республикалық эстрадалық-цирк колледжіне қарама-қарсы жерде орналасқан.

2014 жылы Брюссельдегі Корольдік сарайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия королі Филиппен кездесті. Кездесу барысында екіжақты саяси және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы байланыстар мәселелері талқыланды.

2014 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Қаламқас кен орнында газ турбиналы электр станциясын салтанаты түрде іске қосу рәсімі өтті.

2015 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласына жұмыс сапары барысында «Көне Тараз» музейінің экспозициясымен танысып, шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері, Жамбыл облысының қонақтары және тұрғындарымен кездесу өткізді.

2015 жылы Тараз қаласында «Қазақ хандығының 550 жылдығы»  монументінің ашылу салтанаты өтті. Мүсіндік композицияға ақ мәрмәрдан жасалған 27 метрлік стела және Керей мен Жәнібек хандардың 5 метрлік мүсіндері кіреді.

1967 жылы Ұлыбританияда жүргізушілердің ағзасында алкогольді анықтау үшін арнайы түтіктер алғаш рет пайдаланды.