АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік көру күні (World Sight Day)
Жыл сайын қазан айының екінші бейсенбісінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасымен атап өтіледі. Бұл күннің мақсаты – соқырлық пен көру қабілетінің бұзылуы мәселелеріне әлем жұртшылығының назарын аудару, сондай-ақ көру қабілеті нашар адамдарды оңалту қажеттігін түсіндіру. Атаулы күн аясында осы бағытта жұмыс істейтін түрлі ұйымдар іс-шаралар өткізеді.
ТАРИХИ ОҚИҒАЛАР
1860 жылы Алматыда алғашқы пошта бөлімшесі ашылды. Ол қазіргі Көк базар маңында орналасқан. Бүгінде Алматы пошта бөлімшесі – көпжылдық дәстүрі қалыптасқан, тәжірибелі мамандары бар «Қазпошта» АҚ-ның ірі филиалдарының бірі.
1930 жылы Қазақстандағы ең көне жобалау ұйымдарының бірі – KAZGOR жобалау академиясы құрылды. Ұйым Алматыдағы бірегей ғимараттар мен құрылыстардың, сондай-ақ Қазақстан, Ресей және ТМД елдеріндегі облыс орталықтарының құрылыс жобаларын әзірлеуге атсалысты.
2007 жылы Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі жаңа жәдігермен толықты. Абай ауданының тұрғыны Жәнібек Молдахан музейге тас жауынгердің мүсінін тапсырды. Мамандардың пікірінше, бұл – жасы мың жылдан асатын түркі жауынгерінің мүсіні болуы мүмкін. Тас ескерткіш қабір басына қойылған немесе ежелгі түркілерге бағыт-бағдар анықтау үшін қызмет еткен деген болжам бар.
2009 жылы Астанадағы Ж. Тәшенев көшесіндегі саябақта Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Ескерткіш қоладан, ал тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі – 4,4 метр, салмағы – 5,5 тонна.
Мұстафа Кемал Ататүрік (1881–1938) – Осман империясы мен Түркияның көрнекті реформаторы, саяси және мемлекет қайраткері, қолбасшы. Ол Түркия Республикасының тұңғыш президенті, қазіргі түрік мемлекетінің негізін қалаушы және Республикалық халық партиясының алғашқы жетекшісі болды.
2010 жылы Forbes Style журналының нұсқасы бойынша Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы әлемдегі үздік он экологиялық ғимараттың қатарына енді. Бұл тізімге ТМД аумағынан кірген жалғыз ғимарат болды. Басылым ғимараттың мөлдір полимерлі жабынын, алып шатыр астында жасанды климат қалыптастыратын жүйесін, температураны көпсатылы бақылау технологиясын және қысқы бағын ерекше атап өтті.
2013 жылы Қазақстанның Ұлттық географиялық қоғамы құрылды. Ұйымның басты мақсаты – нақты географиялық мәліметтерді жинау және тарату, ғылыми қызметті дамыту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, елдің орнықты дамуына және жасыл экономикаға көшуіне ықпал ету.
2017 жылы тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі археолог А. З. Бейсенов бастаған қарағандылық археологтар 3 мың жылдық Сарыарқа пирамидасын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Осылайша еліміздің туристік картасы тағы бір бірегей тарихи ескерткішпен – Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын көсем кесенесімен толықты. Қола дәуіріне тиесілі пирамиданы археологтар 2016 жылдың тамызында Қарағанды облысынан тапқан.
2017 жылы қазақстандық дзюдошы Жансай Смағұлов Ташкентте өткен Гран-при кезеңінің чемпионы атанды. Финалда ол өзбекстандық Ғиёсжон Бобоевті жеңіп, алтын медаль иеленді. Жарысқа әлемнің 27 елінен 183 дзюдошы қатысты.
2019 жылы Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы балалардың мүддесіне бағытталған Social Innovation әлеуметтік инновациялар зертханасын іске қосты. Жобаның мақсаты – балаларға арналған әлеуметтік инновацияларды қолдау және дамытуға жағдай жасау.
2020 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданының Миялы ауылы маңындағы қорғандарға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде жақсы сақталған ежелгі жауынгердің сүйегі табылды. Темір сауыт киген жауынгердің сүйегі шамамен б.з.д. II ғасырға жатады.
Қабірден ұзындығы бір метрлік қылыш, жебе ұштары, темір қалқан, ат әбзелдері және басқа да тарихи жәдігерлер табылды. Мамандар мұндай олжаның өте сирек кездесетінін және тарихи құндылығы жоғары екенін атап өтті.
2021 жылы Ұлттық кітапханада белгілі қытайтанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Клара Хафизованың жеке кітап қорын кітапханаға тапсыру рәсімі өтті.
Ғалымның жеке қорында ғылыми еңбектер, өмірбаяндық анықтамалықтар, белгілі тарихи тұлғаларға қатысты құнды құжаттар және басқа да материалдар бар. Орта Азия университетінің шығыс тілдері факультетін тәмамдаған Клара Хафизова жарты ғасыр ішінде Цин императорлары дәуіріндегі қазақ-қытай қатынастары туралы бірнеше монография мен кітап жазып, Қытайдың Орталық Азиядағы тарихы, мәдениеті және саясаты жөнінде 100-ден астам ғылыми еңбек жариялады.
2021 жылы Павлодар музейінің қызметкерлері ғасырға жуық уақыт бұрын салынған картинаны тапты. Белгісіз суретші туындысында қазақтың кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы Жұмат Шаниннің жары, актриса Жанбике Шанинаны бейнелеген.
Жұмат Шанин 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы атылды. Кейін Жанбике Шанина да сегіз жылға сотталып, 1946 жылы ғана бостандыққа шықты. Ол Қарағандыда төрт жыл жұмыс істеп, 1950 жылдардың басында дүниеден өтті.
Шаниндер отбасы ауыр қайғыны бастан кешірді. Кіші ұлы ерлі-зайыптылар қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысу үшін Мәскеуге бара жатқан пойызда қайтыс болды. Ал үлкен ұлы, Мәскеу консерваториясының скрипка сыныбында оқыған Рауапбек ата-анасы тұтқындалғаннан кейін 21 жасында өмірден өтті.
Картина музей қорынан кездейсоқ табылған. Құжаттарды зерделеу барысында туындыны 1991 жылы музейге Жанбике Шанинаның сіңлісі Марзия сыйға тартқаны анықталды.
2023 жылы Қазақстан құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 2022 жылғы жазғы Азия ойындарындағы өнерін аяқтады. Ұлттық құрама жалпы 80 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 10 алтын, 22 күміс және 48 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 11-орынға тұрақтады.
2024 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығымен қазақ тілін қолдану стандарттарын жетілдіру мақсатында Республикалық орфографиялық комиссия құрылды.
2025 жылы су спорты түрлерінен өткен Азия чемпионатында әртістік жүзу жарыстары аяқталды. Қазақстан құрамасы жеті алтын, екі күміс және екі қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.
Екінші орынға Таиланд құрамасы (екі алтын, үш күміс, екі қола), ал үшінші орынға Өзбекстан құрамасы (екі алтын, бір күміс, бес қола) тұрақтады.
8 қазанда Дүниежүзілік көру күні де атап өтіледі. Бұл күн көру қабілетін сақтау, көз ауруларының алдын алу және көру қабілеті бұзылған адамдарды қолдау мәселелеріне назар аударуға арналған.