«Жыл басынан бері Қазақстанда 8 081 жолаушы билетсіз жүргені үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Оның 65%-ы Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлікті пайдалану қағидаларының 622-бабы 2-тармағын бұзған, яғни, қоғамдық көлікте жүргені үшін ақы төлеуден жалтарған», - деп жазады City Transportation Systems компаиниясының баспасөз қызметі.
Жылдың 7 айында City Transportation Systems компаниясы елордада жол жүру ақысын төлеуден жалтарудың 134 558 фактісін тіркеген. Оның ішінде 5 290 азамат әкімшілік жауапқа тартылған. Бұл былтрғы көрсеткішпен салыстырғанда 274% көп. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 29 млн теңгеден асып отыр.
«Сонымен қатар, жолаушылар арасында жеңілдігі бар және мектеп оқушыларына арналған карталарды үшінші тұлғалардың пайдалануына беретіндер бар. Көліктік бақылау қызметкерлері осындай 1 111 картаны тәркіледі. Астанадан кейін қоғамдық көлікпен билетсіз жүргені үшін жауапқа тартылғандар саны бойынша Алматы қаласы (1 524) және Шығыс Қазақстан облысы (1 026) алғашқы үштікте тұр», - делінген City Transportation Systems мәліметінде.