8 наурыз күні Оңтүстік Қазақстан тұрғындары 205 адамға артты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі күні Оңтүстік Қазақстан облысында 205 сәби дүниеге келді.

Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Басқарма басшысы бүгін №4 облыстық перинаталды орталығына барып, мейрам күні өмірге ұрпақ әкелген аналарды құттықтады. Олардың әрбіріне гүл сыйлап, нәрестелерге қажетті бұйымдар тарту етті.

 

«Облыста мереке күні 205 сәби туды. Оның 15-і осы №4 облыстық перинаталды орталығында өмірге келді. 15-тің 9-ы  - ұл, 6-уы  - қыз. Нәрестелі болған аналарымызды мерекесімен құттықтап, әрбіріне сый-сияпатымызды тапсырдық. Сәбилері үлкен азамат болсын деп тілеулестік танытып жатырмыз. Елбасымыздың демографиялық саясатын қолдап, ана мен балаға тиісті талаптарға сай жағдайдың барлығын жасаймыз. Биыл облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының қолдауымен медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтитын боламыз. Сол мақсатта биыл Сарыағаш және Шымкент қалаларында бір-бір перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, медицинасы дамыған елдермен меморандумдар жасап, мамандарымызды тәжірибе алмастырып, дәрігерлеріміздің біліктіліктерін арттырып жатырмыз», - деді Мұқан Кеңесбекұлы.

 

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 205 сәбидің де жағдайы жақсы. Бұл күні өмірге ұрпақ әкелген аналар облыстың ғана емес, еліміздің демографиясына қомақты үлес қосқаны ақиқат. Олардың арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің қатарын арттырғандар да бар. 

 

Естеріңізге сала кетейік, күнгейдегі көпбалалы аналардың саны жылдан жылға артып келеді. Жыл басынан бергі мәлімет бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында демографияға үлес қосып жүрген аналардың саны 169 198 жеткен. Оның 6193-і Батыр ана болса, 25482-і «Алтын-алқа», 34744-і «Күміс-Алқа» иегері. 8878-і І-ІІ дәрежелі Ана Даңқы орденімен марапатталған. 93901-і 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар аналардың қатарын толықтырған.

 

2016 жылы өңірде 79195 нәресте туған. Дүние есігін ашқан сәбилердің ішінде 765-і егіз болса, 5-уі - үшем.