8 облыста өрт қаупі сақталады - Қазгидромет

Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК-сы шілденің 2-і күнгі күн райы болжамын жариялады.

Кәсіпорын таратқан деректерге қарағанда, республиканың басым бөлігінің күн райын циклон және онымен байланысты атмосфералық фронталды бөліктер айқындайды. Соның салдарынан найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жел күшейеді, елдің батысында, шығысында бұршақ жауады, шығысында тағы дауыл болады. Тек республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында негізінен күн жауын-шашынсыз болады. Түнгі және таңертеңгі сағаттарда Қазақстанның солтүстігінде тұман түседі.

Алматы облысының оңтүстігінде, шығысында, Жамбыл, Абай облысының шығысында, Атырау облысының оңтүстігінде, батысында, Павлодар облысының батысында, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының оңтүстігінде, Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында, Жетісу облысының батысында, оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында, Алматы облысының солтүстігінде, батысында, орталығында, Қарағанды облысының батысында, шығысында, оңтүстігінде, Ұлытау облысында, Ақтөбе облысының орталығында, Қостанай облысының оңтүстік-батысында, Жетісу облысының солтүстігінде, шығысында, Абай облысының орталығында, оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Осыған дейін алдағы күндері аптап ыстық болатыны туралы жаздық.