8 өңірде 34 шағын өнеркәсіп алаңы құрылып жатыр

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының өңдеуші кәсіпорындарды қолдау шаралары туралы мәлімет берді. 

– Биыл «Самұрық-Қазына» электрондық платформасында 143 млрд теңге болатын 340 келісімшарт жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе жоғары. Ірі кәсіпорындар жергілікті өнеркәсіптерге ұзақ мерзімді тапсырыстар беру арқылы, олардың тұрақты жұмыс істеуіне жол ашады. Жыл басынан жасалған ұзақ мерзімді келісімшарт соммасы 1,8 есе артып, 61 млрд теңгені құрады, - деді ол.

Министрдің сөзінше, мемлекет 8 өңірде құрылып жатқан шағын өнеркәсіп алаңдарына 46 млрд теңге бөліп отыр.

– Бүгінгі таңда (Астана және Шымкент қалаларында, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жалпы 200 мың шаршы метрден асатын 34 шағын өнеркәсіптік аймақтың жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жобаларға бюджеттен 46 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, - деді Ерсайын нағаспаев.

Еске салсақ, Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов «Самұрық-Қазына» бюджетке тиесілі дивиденттерді толық төлемей отырғанын мәлім еткен болатын.