8-ші Еуразиялық медиафорум мәресіне жетті

АЛМАТЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 8-ші рет ұйымдастырылған Еуразиялық медиафорум өз жұмысын аяқтады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оған биыл АҚШ, Ауғанстан, Австрия, Әзірбайжан, Бельгия, Ирак, Иран, Испания, Грекия, Канада, Қытай, Ливан, Норвегия, Ресей, Румыния, Пәкістан, Польша, Үндістан, Франция сияқты 41 елден 373 делегат қатысты. Олардың арасында 1 Мемлекет басшысы, 22 елші болды. Әлемнің жетекші ақпарат құралдары, талдау орталықтарының өкілдері мен саясаткерлердің басын қосқан бұл шара екі күнге созылды. Онда делегаттар ? «Ғаламдық экономикалық дағдарыс: дақпырт пен ақиқат»; «Жаңа капитализмді» іздеу жолында: капитализм тоқырауға ұшырап, реформа кезеңі келді»; «Қазіргі заманғы журналистикадағы шынайылық мәселесі»; «АҚШ-тағы «жаңа билік» - алғашқы нәтиже, үміт пен болжам»; «Медиа кеңістікті виртуалдандыру ? «дәстүрлі» БАҚ-тағы дағдарыс па?», «Блог өрісінің даму феномені» деген тақырыптарда 6 мәжіліс өткізді. Жалпы бұл форум алғаш рет 2002 жылы сәуірдің 24-27 күндері өтіп, оған әлемнің 40-қа жуық елінен 300 делегат қатысқан болатын.