8 шілдеде бірқатар өңірде найзағай ойнап, бұршақ жауады, өрт қаупі де бар
АСТАНА. KAZINFORM — 8 шілдеде Қазақстан аумағының бір бөлігінде қауіпті метеорологиялық құбылыстар болжануда, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен республиканың солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысында ауа райы тұрақсыз болады: найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Елдің шығысында қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Күндізгі уақытта бұршақ күтіледі. Қалған өңірлерде антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы болжануда.
Еліміздің басым бөлігінде жел күшейеді. Шығыс Қазақстанда дауыл соғуы ықтимал.
Жоғары өрт қаупі Маңғыстау, Атырау облыстарында, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігі, орталығы және оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, Ұлытау облысының орталығында күтіледі.
Төтенше өрт қаупі Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында, Жетісу облысының солтүстігі мен батысында, Алматы облысының орталығында, Қарағанды облысының батысы, оңтүстігі мен шығысында, Ұлытау облысында, Ақтөбе облысының орталығы, Маңғыстау облысының солтүстік-батысы, Қостанай облысының оңтүстік-батысы және Абай облысының оңтүстігінде болжанады.
Сондай-ақ:
Атырау, Алматы облыстарында күндіз +35°С,
Түркістан облысының батысында +40°С,
Жетісу облысының шығысы мен солтүстігінде +35...+37°С аптап ыстық күтіледі.