Павлодар облысында 127 адам рақымшылық бойынша босап шықты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңір бойынша рақымшылыққа 1025 сотталушы іліккен. Олар негізінен жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған тұлғалар.
Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Ермек Жалғасбаевтың мәліметінше, республикада жарияланған рақымшылық заңы аясында өңірде жалпы саны 1025 азамат рақымшылыққа ілікті. Олар - мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандар және пробация қызметінің есебінде тұрғандар.
- Республика көлемінде жарияланған рақымшылық заңы аясында Павлодар облысы бойынша жалпы 227 адамға рақымшылық жасалып, оның ішінде 127 жазадан босатылды. Рақымшылық туралы заң сот шешімі арқылы қолданылады және азаматтарды жазадан толық немесе ішінара босатуды көздейді. Рақымшылыққа ілігетін адамдарды пробация қызметі мен мекемелер анықтап, сотқа ұсынғаннан кейін ғана босатылады немесе жаза мерзімдері қысқартылу рәсімдері орындалады,-дейді Ермек Жалғасбаев.
Рақымшылыққа іліккендер негізінен жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған тұлғалар.
Атап өтерлігі, босаған азаматтарға қатысты құқық қорғау органдары тарапынан арнайы бақылау қарастырылмаған. Олар жазадан толық босатылғандықтан, пробация қызметінің есебіне алынбайды және профилактикалық қадағалауға жатпайды. Дегенмен, мұндай азаматтар жалпыға ортақ заң талаптарын сақтау міндетінде болады және құқық бұзушылық жасаған жағдайда жалпы тәртіп бойынша жауапқа тартылады.
Рақымшылықпен босатылған тұлғаларға босатылған қалаларда жұмыспен қамту және әлеуметтік барғарламалар бөлімдерімен психологиялық көмек, заң кеңесі, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.
Бұған дейін Түркістан мен Шымкентте 48 адам рақымшылықпен бостандыққа шыққаны туралы жазғанбыз.