8 тамыз: Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 8 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1948) кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ӘКІМОВ Дінмұхамед Тілеулесұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында туған. «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы актерлік студияны және Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. Кинода 100-ге жуық рөлде ойнаған. Ол «Қош бол, Медеу!», «Адамды қарсы алыңдар», «Ауылым Алатаудың баурайында», «Сұлтан Бейбарыс», «Қайсар», «Отырардың күйреуі» фильмдеріне, шетелдік киноленталарына да түскен. Қазір режиссурамен және кинопродюсерлік қызметпен шұғылданады.



46 жыл бұрын (1972) Ақмола облысы Қорғалжын ауданының әкімі Ғайса Бауыржан Сейтқалиұлы дүниеге келді.

Көкшетау облысының Куйбышев ауданында туған. Челябі мемлекеттік аграрлық және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университеттерін, Польшаның Кутне қаласындағы мемлекеттік жоғары экономикалық мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы жұмысшы ретінде бастаған.

1994-2005 жылдары жекеменшік салада еңбек етті. Әр жылдары «Құсайынов және К» серіктестігінің, «Уақ» ғылыми-өндірістік бірлестігінің қаржылық директоры, бас директоры, «Достық МТС» серіктестігінің директоры болды.

2013-2014 жылдары «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2014-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары болды. 2016-2018 жылдары Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы болып қызмет істеді.

2018 жылғы маусымнан бері - қазіргі қызметінде .

34 жыл бұрын (1984) «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басшысының орынбасары ӘБДУАЛИЕВ Әсет Қуандықұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында туған.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша, Ұлыбританиядағы University of Dundee университетін магистр дәрежесімен, АҚШ-тың Winthrop University университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2002 жылы бастаған. Әр жылдары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті, «Болашақ» стипендиясының әкімшісі болып қызмет еткен. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінде және халықаралық компанияларда қызмет атқарды. 2015-2016 жылдары «Алматы қаласының халықаралық спорт жобалары дирекциясының» директоры болып жұмыс жасаған.

2016 жылдан бері қазіргі қызметінде.