8 желтоқсанда Астанада «Қазақстан аруы - 2012» байқауының финалы болады

None
  АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - 8 желтоқсанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Мақсат жолындағы сұлулық» тақырыбымен «Қазақстан аруы - 2012» байқауының ақтық сайысы өтеді. Бұл туралы бүгін баспасөз-мәслихатында ұйымдастырушылар мәлімдеді.

Байқаудың президенті Алена Ривлинаның айтуынша, бұл ұлттық жобаны өткізу биыл түбірімен өзгерген. «Егер де бұрын бұл конкурс сахнада, концерт сияқты өткізіліп келген болса, биыл біз ұзындығы 20, ені 5 метрлік үлкен подиум жасаймыз. Барлық сайыс сонда өткізілетін болады. Бұл концерттік бағдарламаға көрермендердің өзі араластырылады», - деді ол.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар биылдан бастап сайысқа өз көйлектерін ұсынған дизайнерлерге арнайы сыйлықтар бермек. «Ең үздік көйлекке арнайы жүлде беріледі. Бұл дизайнерлерге үлкен талпыныс болмақ. Кімнің көйлегі үздік деп танылса, келесі жылы ол қазылар алқасының құрамына кіреді», - деп түсіндірді ол.

Биылғы сұлулық сайысына Астанадан 7 ару қатысқалы отыр. А. Ривлина оны елорданың конкурсты қабылдаушы қала екендігімен байланыстырды. Ал Алматы екі аруын үкілеп қосып отыр, қалған облыс орталықтарынан бір-бір бойжеткен өз қаласының абыройын қорғамақ.

Арулардың сайысына қазылық ету Астана қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов, белгілі музыкант Марат Бисенғалиев, режиссер Фархат Шәріпов, дизайнер әрі актер Бөпеш Жандаев және басқа да белгілі азаматтарға тапсырылып отыр. Ұлттық сайыстың фэшн-консультанты белгілі қазақстандық фэшн-продюссер Сәкен Жақсыбаев.

Шараның жүргізушілері ретінде Қазақстан телевизиясының жарқын жұлдыздары Динара Сәтжан мен Арнұр Ыстыбаев белгіленіп отыр.