8 жыл үзілістен кейін қалыпқа келу оңай болды – бокстан Қазақстан чемпионы
АСТАНА. KAZINFORM – Әйгерім Сәттібаева бокстан 48 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанды. 5 баланың анасы 8 жылға созылған декреттік демалысынан кейін боксқа қайта оралған.
– Жарыс жоғары деңгейде, тартысты өтті. Жеке өмір мен спортты қатар алып жүру оңай емес. Өйткені көпбалалы ана болғаннан кейін балаларыма да көңіл бөліп, жаттығуларымды да уақытылы істеу керек. Бірақ жолдасым жанымда қолдап жүреді. Мен жоқ кезде жолдасым балалармен қалады, – дейді ол “Бүгін LIVE” бағдарламасына берген сұхбатында.
Әйгерім Сәттібаева 8 жыл декреттік демалыста болса да қалыпқа келу оңай болғанын айтады.
– Мен 8 жыл декретте отырдым. Ол кезде жаттығуларымды, рингті қатты сағынатынмын. Қайта оралуға сол сағынышым әсер етті. Боксқа келгеннен кейін физикалық және техникалық тұрғыда өзімді қалыпқа келтіру жеңіл болды. Оның алдында да тәжірибем бар еді. Жолдасым да, жеке бапкерім де жан-жақты көмектесті, – дейді боксшы.
Айта кетейік, күні кеше Семейде бокстан Қазақстан чемпионатының финалдық жекпе-жектері өткен еді.