80 млн теңге жымқырды деп айыпталған қазақстандық Ауғанстаннан экстрадицияланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан Ислам Республикасының құзыретті органдары Қазақстан Бас прокуратурасының қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Ш. есімді азаматын ұстап беру туралы сұрау салуын қанағаттандырды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

«Ол, 2014-2015 жылдары Ақтау қаласында ЖШС-лардың бірінің директоры бола тұра, алдау мен сенімді теріс пайдалану арқылы 11 жәбірленушінің 80 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын ұрлаған. Ол жәбірленушілермен жаңа автокөліктер жеткізілімі туралы келісімдер жасасқан және алдын ала төлем алып, Қазақстаннан кетіп қалған», - делінген хабарламада.

Ол 2015 жылдан бастап Маңғыстау облыстық ІІД-мен іздеуде болған және нәтижесінде Ауғанстан аумағында құқық қорғау органдары ұстаған.

Бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегімен ол Қазақстанға экстрадицияланып, Алматы қаласы бойынша уақытша ұстау мекемесіне жіберілген.