80 жастағы зейнеткер 8 баласынан алимент талап етіп, сотқа жүгінді
АСТАНА. KAZINFORM — Атыраулық 80 жастағы зейнеткер 8 баласы мен 1 немересінен өзін асырап-бағу үшін олардан алимент төлеуді талап етіп, сотқа шағым түсірген, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Шағымында зейнеткер 10 жылдан астам уақыт жалғыз тұратынын көрсеткен. Туыстарының ішінде бір ұлы ғана хабарласып тұрса, қалған балалары мен немересі ешқандай материалдық, моральдық қолдау көрсетпеген.
Зейнеткердің айтуынша, денсаулығы мен материалдық жағдайының нашарлауына байланысты ол туыстарының көмегіне зәру.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 145-бабының 1-тармағына сәйкес кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
Кодекстің 153-бабына сәйкес, көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз аталар мен әжелер өздерінің кәмелетке толған еңбекке қабілетті балаларынан немесе жұбайынан (бұрынғы жұбайынан) алимент алу мүмкін болмаған жағдайда, еңбекке қабілетті кәмелетке толған немерелерінен алимент алуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
— Атырау қалалық соты тараптардың әрқайсысының материалдық және отбасылық жағдайына талдау жасап, талап қоюшының талаптары ішінара қанағаттандыруға жатады деген қорытындыға келді. Сот зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегі үшін 8 баласы мен немересінің әрқайсысынан 3 АЕК мөлшерінде алимент өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.
Осыған дейін сот орындаушылар жарты жылда 18 млрд теңгеден астам алимент өндіргені айтылды.